Сондай-ақ Италия Еуропа чемпионатына жанкүйерлерді кіргізу шарттарын жариялады
COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК мәліметінше, Ресейде вакциналық туризм дами бастамақ.
Санкт-Петербург вакцинация үшін Ресейге баруға дайын шетелдік қонақтарды қабылдауға дайын. Бұл туралы қалалық туризмді дамыту комитетінің басшысы Сергей Корнеев мәлімдеді. Үйлестіру орталығының функциясы Санкт-Петербург медициналық туризм агенттігіне жүктелмек.
Сонымен қатар, Apple компаниясында карантиндік тәртіпсіздік орын алуда. Компания қызметкерлері кеңседе аптасына кемінде үш күн жұмыс істеу міндетіне қарсы шығуда. Технологиялық корпорацияның көптеген қызметкерлеріне кеңсеге дүйсенбі, сейсенбі және бейсенбі күндері келу ұсынылған болатын. Ашық хатта қызметкерлер «қашықтан жұмыс істеу» режимінен оралу кейбіреулерді жұмыстан шығу туралы өтініш жазуға мәжбүр еткені айтылған. Сондай-ақ, қашықтан жұмыс істеу компанияның табысты дамуына еш әсер етпейтіні де көрсетілген.
Ал Австрия канцлері Себастьян Курц Британдық-шведтік AstraZeneca компаниясының коронавирусқа қарсы вакцинасын салдырды. Курц ел тұрғындарын қалыпты жағдайға оралуға мүмкіндік беру үшін ерікті түрде вакцинациялауға шақырды.
Сондай-ақ Нидерланд әдеттегі өмірге кезең-кезеңімен оралуда. Елде кинотеатрлар, мұражайлар, театрлар, сондай-ақ мейрамханалардың ішкі залдары ашылды. Мәдениет ұйымдарының жұмысын қайта бастау және гастрономиялық мекемелерге белгіленген шектеулерді алып тастау пандемия кезінде қабылданған шектеу шараларын біртіндеп жеңілдетуге бағытталған.
Бүгінгі таңда Нью-Делиде коронавирус инфекциясының төмендегені байқалады, сондықтан Үндістан астанасы карантинді жеңілдетуді қарастыруда. 7 маусымнан бастап метро жұмысын қайта бастайды, бірақ вагондарды толтыру 50%-тен аспауы тиіс. Келушілер санын шектей отырып, базарлар мен сауда орталықтары ашылады. Үкімет бұл шешімді экономиканы қалпына келтіру қажеттілігімен түсіндіреді.
Ал футболдан Еуропа чемпионаты трибунадағы көрермендердің қолдауымен өтеді. Италия футбол федерациясы «Римдегі Еуропа чемпионатының төрт ойынына қатысатын барлық жанкүйерлер матчтан 48 сағат бұрын жасалған коронавирусқа тексерудің теріс нәтиже көрсеткен анықтамасын ұсынуы керек» деп мәлімдеді.
«Еуро-2021» Италия-Түркия матчымен 11 маусымда ашылады және ол Римдегі Олимпиадалық стадионда өтеді. Италиядағы вакцинаның кем дегенде бір дозасымен егілген жанкүйерлер стадионға бара алады. Өз елдерінде вакцинацияланған чемпионаттың шетелдік қонақтары ойындарға коронавирусқа теріс нәтижелі болған анықтама бар жағдайда ғана жіберіледі.