ШұғылCOVID-19: Қазақстанда вирус жұқтырғандар саны 406 мыңнан асты

Жанболат Мамай мен Инга Иманбайдың өз айыптауларына ешқандай құжаттық дәлелі жоқ – заңгер

Қазіргі кезеңде талап-арыздың мәні бойынша материалдар жинау аяқталды

Фото: ашық дереккөзден

4 мамыр күні Бауыржан Байбектің Жанболат Мамай мен Инга Иманбаеваға ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау туралы талап-арызы бойынша соталды отырысы өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің мүддесін қорғаушы заңгер Айжан Тәшенованың мәлімдеуінше,  қазіргі кезеңде Азаматтық процестік кодекске сәйкес талап-арыздың мәні бойынша материалдар жинау аяқталды. Яғни тараптардың істі мәні бойынша қарау үшін қажетті дәлелдер мен сараптамаларды және басқа да материалдарды сотқа беру үшін барлық мерзімі аяқталды деген сөз.

«Кеше кешке жауапкерлер барлық ықтимал мерзімді бұза отырып, әзер дегенде біздің талап-арызымыз бен дәлелдерімізге қатысты өздері 13 сәуірде жариялаған мәліметтерінің дұрыстығын растайды-мыс деген пікірді (отзыв) ұсынды.

Ж. Мамай мен И. Иманбаеваның адвокаттарының өтініші бойынша сот пікір дайындауға 25 мамырға дейін қосымша мерзім ұсынып, бұл жайында бірнеше рет ресми түрде хабардар еткен. Бұл ретте олардың «журналистік зерттеуі» шыққалы бері 52 күн, ал сотқа талап-арыз берілген күннен бері 35 күн өткеніне ерекше назар аударғым келеді.

Байқағанымыздай, жауапкерлер пікірді (қарсылықты) отырыс күні қарсаңында жұмыс күні аяқталудан бір сағат қана бұрын әдейі тапсырған сияқты. Мүмкін бұл бізді танысып үлгермейді және танысып шығуға қосымша уақыт сұрайды деп есептегеннен болар.

Олардың бұл әрекетіне қарамастан, мен бір кеште 16 беттен тұратын пікірмен және «дәлелдер» деп аталатын 2 мың беттен тұратын қосымшамен танысып шықтым.

Еңбек өтілі мол кәсіби заңгер ретінде Ж.Мамай мен И.Иманбаевада Б. Байбекке қарата жария түрде айтқан бірде-бір айыптауларына ешқандай құжаттық дәлел жоқ екенін бар жауапкершілікпен айта аламын», - деп жазды Айжан Тәшенова Facebook-парақшасында.

Заңгердің айтуынша, жауапкерлер ұсынған құжаттардың, пікірде көрсетілген көптеген ақпарат көздерінің сот ісіне мүлдем қатысы жоқ. Көптеген болжамдар мен алып-қашпа әңгімелер, фактілерді бұрмалау мен өз еркіне сай түсіндіруден тұрады.

«Мысалы, пікірде «Uzun Qulaq» анонимді телеграмм арнасына, «Басе» деген өте күмәнді шетелдік ютуб-арнаға, талаптың мәніне ешқандай қатысы жоқ адамдардың аккаунттарына сілтемелер бар.

Ең қызығы, Ж. Мамайдың ресми видеода дабыралатып ұсынған дәлелдемелер мен құжаттар томдарының іс жүзінде 90%-ы талап-арызда да, жауапкерлердің даулы роликтерінде де айтылмаған ҚазҰУ-дың жер учаскесі туралы дау-дамайға арналған. Қалған 10%-ы – сараптамашылардың «Көк Жайлау» жобасы бойынша техникалық-экономикалық негіздемесі, ал бұлар іс жүзінде сол күйі атқарылмаған.

Осы айтылғандардың барлығын дәйектеу үшін мен таяу күндері әлеуметтік желілерге пікір және оған қоса берілген материалдар бойынша әрбір азаматтың Ж.Мамай мен И.Иманбаевада дәлелдердің жоқ екеніне және олар ұсынған айыптаулардың мүлдем негізсіз екеніне өз бетінше көз жеткізе алуы үшін егжей-тегжейлі талдауды саламын.

Өзім болжағандай, Ж. Мамай мен И. Иманбаева ешқандай дәлелдемелерінің болмауы себепті өздерінің «абыройын сақтау» үшін сотта арзан қойылым жасауға тырысып, қандай-да бір ілікпе сөздерді айтып айқайлады, сот объективті емес деп ашық мәлімдеп, кез-келген нәрсені, талап-арыздың мәні туралы емес басқа әңгімелерді айтып кетті. Сондықтан судья жауапкерлерге бірнеше рет ескерту жасауға мәжбүр болды», - деп атап өтті А. Тәшенова.

Айта кетерлігі, сот тараптардың өтініштерін қолдап, ZOOM платформасында онлайн-трансляциялау арқылы отырыстың толық ашықтығын қамтамасыз етті.

Заңгер өзі ұсынған дәлелдердің растығы мен негізділігіне әркім көз жеткізе алуы және Ж. Мамай мен И. Иманбаева тарапынан бұрмалауларды болдырмау үшін жағдайды толық және объективті көрсету мақсатында сот отырысындағы сөйлеген сөзін жариялайтынын, сондай-ақ көпшілікті сот талқылауы туралы ары қарай да хабардар етіп отыратынын жеткізді.

Еске салайық, Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің талап арызы бойынша белсенді Жанболат Мамай мен оның әйелі Инга Иманбай азаматтық сотта жауап беріп жатыр. Ерлі зайыптылар биыл сәуір айында Байбекті айыптайтын бірнеше видео әзірлеп, оны әлеуметтік желілерде жариялаған.