«Біздің туымыз өте сәнді» - бас байкер Дмитрий Петрухин

Автор: Azattyq Rýhy

Алматыда туды көшемен алып жүру акциясы өтті

Алматыда жүргізушілер мен байкерлер шеруге шықты. Көк туды көше бойымен желбірету акциясына велошабандоздар да қосылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Іс-шараның басты мақсаты - Қазақстан Республикасының туына құрмет қөрсету. Мерекелік көңіл-күйді үрмелі аспаптар оркестрі құрды. Ондаған автокөлік пен мотоцикл Алматының орталық көшелерімен жүріп өтті. Акцияға Jas Otan жастар өкілдері мен еліміздің бас байкері Дмитрий Петрухин де қосылды.

Алматы қаласы Түрксіб ауданы әкімдігі өкілдерінің айтуынша, мұндай автошеруді жүргізушілер мен байкерлердің қатысуымен жыл сайын өткізіп тұрады. Осындай іс-шарада олар патриотизмді,  еліміздің рәміздеріне деген мақтаныш сезімін көрсетеді.

Автошеру мегаполис тұрғындарын әрдайым қызықтырады, бұл - Алматы көшелерімен жүріп өтетін автокөліктердің әдемі көрінісі. Акцияға қатысушылар арасында Қазақстан байкерлер қауымдастығының президенті Дмитрий Петрухин де бар. Алматы тұрғыны өз бастамасымен 2004-2011 жылдар аралығында мотоциклімен әлемнің барлық құрлықтарын жүріп өтіп, Қазақстанның туын 170 елге танытты.

Байкер үшін бұл жай ғана саяхат емес, өз елінің тарихы. Шетелде болған кезде ол әрдайым өзімен бірге мақтан тұтатын туды алып жүреді.

«Біздің жастарымыз мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарайтыны өте жақсы. Біз әрқайсымыз тудың қасиетті екенін білеміз. Кейбір елдерде тудың суретін іш киімге, шұлықтарға қоюға рұқсат етіледі, ал біздің елде бұл қолайсыз. Біздің үйде 20 жылдан бері қазақстандық ту ілулі тұр, мен оны дүниежүзіне мақтан етемін. Туды көрген барлық адам: «Неткен әдемі!» – деп айтады. Менің ойымша, біздің туымыз өте сәнді, аспан, күн, бүркіт бейнесіне ұқсас бірде-бір жалауша көрмедім!», – деп бөлісті Дмитрий Иванович Петрухин.

Мәреге жеткен автошеруге қатысушылар үрмелі оркестрдің сүйемелдеуімен ҚР Әнұранын орындады.

Байкерлермен қатар қаланың жастары да ҚР мемлекеттік Рәміздер күніне орай веложарыс өткізді. Отыз спортшы еліміздің туымен қаланың бас көшелерімен жүріп өтіп, "Алматы Арена" спорт кешенінде мәреге жетіп, Әнұранды орындады.

Акцияны мегаполистің белсенді жастары, спортшылар, еріктілер мен оқушылар қолдады. Осылайша велошабандоздар азаматтардың назарын еліміздің мемлекеттік Рәміздеріне аударды.

Қатысушылар Б.Момышұлы – Мөңке би көшелерінің қиылысынан бастап, "Алматы Арена" спорт кешені ғимаратының алдында мәреге жетті. ҚР Әнұраны мен "Көк тудың желбірегені" патриоттық әнін орындаушыларға өтіп бара жатқан халық та қосылды.

"Жыл сайын өтетін веложарысты спортшылар мен Алматы жастары қолдайды. Расында, мемлекеттік Рәміздер еліміздің жеңісі әрі жетістіктерімен тығыз байланысты. Сондықтан біздің мемлекеттік Рәміздер әлемдегі ірі спорттық іс-шараларда ерекше көзге түседі. Біздің чемпиондарымыз олимпиадалар мен әлемдік жарыстарда еліміздің Туын мақтанышпен желбіретіп жүр", – деді Алатау ауданы әкімдігінің өкілі  Бектас Сәбитов.