Қазақстан AstraZeneca вакцинасын сатып алудан бас тартты

Автор: Azattyq Rýhy

Оған вакцина туралы теріс пікірлердің көптігі себеп болды

Фото: ашық дереккөзден

AstraZeneca вакцинасын өндірушілермен арадағы келіссөздер осы коронавирустық вакцинаның айналасындағы теріс жағдайлар салдарынан тоқтатылды. Бұл туралы ОКҚ брифингінде «СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Барлық вакциналар бойынша келіссөздер жүргізілуде, бірақ AstraZeneca бойынша келіссөздер тоқтатылды. Өйткені вакцина туралы теріс пікірлер көп. Pfizer бойынша келіссөздер үнемі жүргізіліп отырады, бірақ жеткізу кестесі жоқ. Біз («СК-Фармация») тек жеткізуге жауаптымыз. Графиктерге қатысты сұрақ Денсаулық сақтау министрлігіне қатысты мәселе» - деді Ерхат Есқалиев. 

Спикердің айтуынша, қалған вакциналарға қатысты келіссөздер сәтті аяқталған.

«Мұның бәрін Денсаулық сақтау министрлігі жүргізеді. Үкімет деңгейінде де хат алмасу, қолдау жүргізілуде. Қазақстанның Қытайдағы елшілігі CoronaVac вакцинасы бойынша келіссөздер жүргізуге көмектесті», - деп нақтылады ол.

Айта кетерлігі, қазір Johnson & Johnson және Moderna вакциналары бойынша келіссөздер бойынша әзірге нәтиже жоқ. Жалпы, QazVac, Спутник V, Hayat-Vax және CoronaVac вакциналары қолжетімді.