Процеске қатысу үшін eGov порталы арқылы тіркеуден өтеді
4 маусымда Алматыда Әуезов аудандық №2 сотында Nur Otan партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің талап-арызы бойынша белсенді Жанболат Мамай мен әйелі Инга Иманбайға қатысты соталды дайындық өтеді. Бұған дейін болған екі отырыстан кейін судья іс материалдарын психологиялық-филологиялық сараптамадан өткізуге жолдаған болатын.
Еске салайық, алғашқы екі отырыста да жауап беруші тарап байланыстың нашарлығына және БАҚ өкілдерінің аздығына шағымданып, процестің өтуін баяулатқан еді. Алайда, бүгін судья Райхан Сартаева мұны сотқа қысым жасаумен тең екенін айтып, процеске кез келген БАҚ өкілінің қатыса алатынын айтты.
«Сот журналистер үшін әрдайым ашық. Процеске қатысу үшін заңға сәйкес, eGov порталы арқылы тіркеуден өтсе жеткілікті. 4 маусымға дейін бізге барлығы 11 БАҚ-тан өтінім келіп түсті және барлығы да сотқа қатысуға рұқсат алды», - деді судья Р.Сартаева.
Сондай-ақ, ол тараптарды дәлелсіз ақпарат таратпауға, сотқа қысым көрсетуге әрекет етпеуге шақырды.
Айта кетейік, 4 маусымда журналистер үшін баспасөз орталығы да жұмыс істейді. Аккредитациядан өткен тілшілер Д.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ғимаратында сот процесінен ақпарат тарата алады.