Көкшетаулық оқушы көлік ұрлығына қарсы өнертабысына авторлық куәлік алды
Асылхан Қали бұл жобасын болашақта автокөліктерде іске асыруды жоспарлап отыр
Көкшетау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9 сынып оқушысы Асылхан Қали өз өнертабысына авторлық куәлік алды. Жас ғалым көлік ұрлығына қарсы жүйе ойлап тапты. Ол өз жобасын автөкөліктер өндірісіне енгізуді армандайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Асылхан өз қатарластары сияқты көліктерді жақсы көреді және оған қатысты тақырыптарды мүлт жібермейді. Оқушы Қазақстанда машина ұрлау фактілерінің жыл сайын артып келе жатқанын білгенде «Көлік иесінің сәйкестендіруімен ұрлыққа қарсы жүйе» атты жобаны жасауды қолға алуды жөн көріпті.
Өнертабыс иесінің айтуынша, жобаны әзірлеу бірнеше ай бойы жалғасқан. Одан кейін 1 жыл ішінде толықтырулар мен өңдеу жұмыстары жүргізіліпті.
«Көлік ұрлау мәселесінің шешілуіне өз үлесімді қосқым келеді. Менің жобам бойынша көлік иесі және сенім артылған тұлғалар сканерге саусақ іздерін жақындату арқылы-ақ, оны ашып, қозғалтқышын іске қоса алады. Бұл жобаның басты артықшылығы оның қауіпсіздігі мен сенімділігі. Есеп бойынша бұл қарапайым сигнализациялық жүйелерден ондаған есе артық болмақ»,-дейді Асылхан.
Қауіпсіздік жүйесінің мақсаты – «Raspberry Pi» микросхемасының негізінде және саусақ іздерін тану арқылы автомобильді ұрлап кетудің алдын алатын жүйе құру болатын. Жоба автокөліктің ұрлануынан және балалардың оны кілт арқылы кездейсоқ оталдыруынан сақтайды.
«Қозғалтқышты іске қосуда автокөлік иесінің саусақ іздерін пайдалану – көп мәселені шешеді. Аталмыш жүйе алдын ала сақталған саусақ іздері арқылы оңай басқарылады»,- дейді жоба жетекшілері.
Қазіргі таңда, ұрлауға қарсы жүйенің моделі жасалған. Асылхан жетекшілерімен бірге болашақта жобасын автокөліктерде іске асыруды жоспарлап отыр.
Эльмира Мәмбетқызы