Жыл басынан бері акция аясында 4 мыңнан астам азық-түлік себеті жеткізілді
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған жалпыреспубликалық «Игі істер марафоны» аясында елордалық еріктілер мұқтаж жандарға азық-түлік себеттерін жеткізіп, «Қамқорлық мекенжайы» акциясын өткізуді жалғастыруда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жыл басынан бері акция аясында 4 мыңнан астам азық-түлік себеті жеткізілді. Оған түрлі кәсіпорындар мен қоғамдық ұйымдардың меценаттары жұмыла көмектесіп келеді. Ал қаланың автоволонтерлері азық-түлік себеттерін жеткізуге атсалысады.
Волонтерлік ұйымдар 9 мамыр – Жеңіс күні құрметіне тыл ардагерлеріне, жалғызбасты зейнеткерлерге азық-түлік себеттері мен естелік сыйлықтар жеткізді.
Азық-түлік себеттеріне негізінен жалғызбасты қарт зейнеткерлер, әлеуметік аз қамтылған отбасылар мұқтаж.
«Қала тұрғындары мұқтаж жандарға қажетті азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізіп, белсенділік танытуда. Елорданың кейбір тұрғындарына азық-түлік себеті, кеңес беру, қар күреу секілді көмек қажет. Еріктілер мұндай мекенжайларды тұрақты назарына алады», - делінген хабарламада.
Осылайша, бүгін еріктілер Сарыарқа ауданында жүйелі негізде көмек көрсетілетін жалғызбасты зейнеткерлер мен көпбалалы отбасылар тұратын мекенжайға барып қайтты.
Елордада акциялар санитарлық нормалар мен талаптарды сақтай отырып өткізіледі.