Тәуелсіздік жылдарында 131 полицей қызмет бабында қайтыс болған
1500-ге жуық қызметкер мемлекеттік наградаларға ие болды

Бүгінде полиция қызметкерлерінің қатарында өздерінің қызметтік борышын адал атқарып жүргендер аз емес. Тәуелсіздік алғаннан бері 1500-ге жуық қызметкер мемлекеттік наградаларға ие болса, 131 полицей өз өмірін қызмет жолында құрбан етті, - деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алайда, тәртіп сақшысы бола тұра, заң бұзатын қызметкерлер де жоқ емес. Полиция қызметкерлері тәртіп пен заңдылықтың бұзылуына жол берсе, Ішкі істер министрлігінде бұл төтенше оқиға ретінде қабылданады.
Олардың ішінде – Орал қаласында учаскелік полиция инспекторы көмекшісінің қатысуымен болған ЖКО салдарынан әйел адамның қаза болуы; Қызылорда қаласында патрульдік полиция инспекторының мас күйінде қызмет атқарып, қызметтік автокөлікті басқаруы; Нұр-сұлтан қаласында екі патрульдік полиция қызметкеріне қатысты сот үкімінің шығуы.
«Ішкі істер министрлігі тәртіп бұзушыларға ғана емес, сондай-ақ олардың басшыларына да қатаң шаралар қабылдап келді және алдағы уақытта да солай болады», - делінген хабарламада.
Мәселен, өліммен аяқталған жол – көлік оқиғасы үшін жергілікті полиция қызметі мен Орал қаласы Полиция басқармасының басшылығы тәртіптік жазаға тартылды, ал қызметкердің тікелей басшысы қызметінен босатылды.
Қарамағындағы қызметкердің қызметіне тиісті бақылау жасамағаны үшін Қызылорда қ. ІІБ патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары лауазымынан босатылды және тағы 3 басшыға, оның ішінде Қызылорда қ. Полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасарына қатаң сөгіс жарияланды.
Тәртіп бұзушылардың өздері қызметке қайта алу құқығынсыз ішкі істер органдарынан бірден босатылды.
«ІІМ-нің Өзіндік қауіпсіздік департаментіне кінәлі қызметкерлерді қатаң тәртіптік жауапкершілікке тарту жөнінде нақты тапсырма беремін. Бөлімшелердегі заңдылық пен тәртіп -олардың басшылығының міндеті. Біз кінәлілердің ешбіріне көз жұма қарамаймыз және аямаймыз!»- деп мәлімдеді ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ІІМ қызметтері мен бөлімшелерінің басшыларымен өткен кеңесте.
Бұған дейін хабарланғандай, ІІМ-де сыбайлас жемқорлық орын алған кезде қызметкерлердің тікелей басшыларын жеке жауапкершілікке тарту принципі енгізілген.
Сонымен қатар, кадрлық өзгерістер мен аттестаттау комиссиясының қорытындысы бойынша ағымдағы жылы орталық аппарат және өңірлік департамент қызметтерінің басшылық құрамы 60% - ға жаңартылды.