$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
12.12.2019, 09:39
Жаңалықтар

Алматы соты «Олимп» букмекерлік клубының жұмысын жарты жылға тоқтатты

Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен прокуратура істі тергеуде

 

Алматы соты «Олимп» букмекерлік клубының жұмысын жарты жылға тоқтатты
Фото: inbusiness.kz

Алматыдағы көпке белгілі букмекерлік клубтың бірі енді бәс қабылдай алмайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Есігіне мөр басылып, «жабық» деген қағаз ілінді. Бұл кеңсенің айналасындағы дау-дамай жуық арада шешілмейтін секілді. «Себебі осы уақытқа дейін заңсыз әрекетпен де айналысып келген», – дейді мамандар. Алдын ала болжам бойынша, қомақты қаражат шетел асып отырған. Бірақ қазақстандықтар ұтқызған ақша, үй мен бизнес қайда кетті және нені қаржыландыруға жұмсалды ол жағы әзірге белгісіз.

Статистикаға жүгінсек, 350-мыңнан астам қазақстандық ойын залында жүр. Айта кетерлігі,  сарапшылар көптен бері спорттық жарыстарға бәс тігуді де құмар ойынға теңеп отыр.   

«Алматыда букмекерлік кеңселер өте көп. Казиноларды шетке көшіргенде қалада бір бос кеңістік қалыптасты. Сол кеңістікті букмекерлік кеңселер толтырды. Ол тиімді ғой. Біреулерге пайда әкеледі, салық та төленетін шығар», - дейді тәуелділікті емдеу клиникасының жетекшісі Антон Гордеев. 

Букмекерлік кеңселерді казинолар секілді қала шетіне көшірсек деген ұсыныс бар. Бұл ойдың бизнес иелері мен ойыншыларға ұнай қоймасы анық. Олар қазына миллиардтаған салықтан қағылады деген уәждерін алға тартады. Ал қарапайым азаматтар көшірілгені жөн деген пікірде.

Енді көптеген букмекерлік клубтар интернетке ойысып жатыр. Демек, бәс тігу үшін үйден немесе кеңседен шығудың қажеті жоқ. Азартты бизнес иелеріне де ыңғайлы. Виртуалды іс-әрекет үшін салық төлемесе де болады. Бірақ «Олимп» секілді жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Клубтың іс-әрекетін егжей-тегжей зерттеуді қолға алған арнайы қызмет букмекерлер қомақты қаражатты заңсыз шетелге шығарып отырған дейді. Неліктен және қай елге шығарылғаны әзірге беймәлім.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен прокуратура істі тергеуде. Ал Алматының мамандандырылған ауданаралық соты компанияның жұмысын жарты жылға тоқтату туралы үкім шығарды.

Серіктес жаңалықтары