Прокуратура барлық сотталушыны 10 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұраған болатын
Елорданың қылмыстық істер бойынша ауданаралық соты «Жусан» операциясы аясында Сириядан қайтарылған 14 қазақстандыққа қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі sputniknews.kz-ке сілтеме жасап.
Бұған дейін прокуратура барлық сотталушыны 10 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұраған болатын. Прокурор Еділ Мұраттың айтуынша, сотталушылардың бірінші рет қылмысқа баруы, жас балаларының болу және өкінуі сияқты жазаны жеңілдететін жағдайлар ескерілді. Ал діни алауыздық бойынша басқа азаматтардың әрекеттері үшін кек алу мақсатында қару мен оқ-дәріні қолдану қылмыстық жазаны ауырлататын жағдайлар ретінде қарастырылды.
Қазақстан азаматтары Қылмыстық кодекстің 174-бабы (әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру), 256-бабы (терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру), 257-бабы (террористiк топ құру, оған басшылық ету және оның әрекетіне қатысу) және 313-бабы (қатыгездiк пен күш қолдануға бас ұруды насихаттайтын туындыларды заңсыз тарату) бойынша кінәлі деп танылып отыр.
Судья Әділхан Шайхисламов прокуратураның талаптарын қанағаттандырды. Соттың шешімімен Нұрлан Қамалов - 14 жылға, Газинұр Бақытжанов - 13 жылға, Руслан Қуанов - 11 жылға, Аманжол Жансеңгіров - 12 жылға , Тұрлан Әбілқайыров - 11 жылға, Думан Сәдуақасов - 11 жылға, Бақтияр Ибраев пен Данабек Төреханов - 9 жылға, Данияр Әлтаев - 10 жылға, Дәурен Сәбитұлы - 11 жылға, ал Абзал Амангелді, Алмаз Нарбутин және Ермұхан Айыпқалиев пен Жандос Әжмәмбетов 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Әрбіреуі жәбірленушілердің өтемақы қорына 50 000-75 000 теңге аударуы шарт. Сотталғандардың мүлкі тәркіленбейді.
Жалпы ҰҚК мемлекеттік органдармен және шетелдік серіктестерімен бірге Сириядан 595 қазақстандықты қайтарды, олардың 400-ден астамы балалар. Бұған дейін Қазақстанға оралған он ер адам мен бес әйел түрлі мерзімге сотталған болатын. Олар террористік ұйымның қызметіне қатысқаны үшін кінәлі деп танылды.