Бүгінде қалада инфекцияның 2 197 ошағы бар
Елордада жыл басынан бері коронавируспен ауыратындардың саны 28 мыңнан асты. Нұр-Сұлтанда CОVІD-19 ауруы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз болып отыр. Бұл туралы онлайн-брифингте елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова мәлім етті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Елорда эпидемиологиялық жағдайды бағалау бойынша екі айдан бері "қызыл" аймақта орналасқан. Қалада күніне 250-ден 450-ге дейін коронавирус ауруы тіркеледі.
«Жыл басынан бері қалада індет жұқтырғандар саны 28 мыңнан асты, ал пандемия басталғаннан бері 47 мыңнан астам жағдай тіркелді. Оның ішінде 32 мыңға жуығы — симптоматикалық және 15 мыңнан астамы — асимптоматикалық. Соңғы 12 күнде қалада сырқаттанушылық көрсеткіші 313,03-тен 258,75-ке дейін төмендеді. Бір апта ішінде COVID-19-дың 3075 оқиғасы тіркелді, бұл алдыңғы аптадан 8,5%-ға төмен», — деді қаланың бас санитарлық дәрігері.
Сархат Бейсенованың мәліметінше, бүгінде қалада инфекцияның 2 197 ошағы бар, оның ішінде: үй – 1538, ұйымдастырылған – 659. Ал байланыста болған бес мыңнан астам адам медициналық бақылауда тұр.
КВИ-мен сырқаттанушылықтың ең жоғары деңгейі ересектер арасында — 78,7%, балалар — 18,3%, жасөспірімдер 3%-ды құрайды.