«Қайырымды істер марафоны» акциясы аясында балқаштық Жандос Әбенұлы 10 адамға баспана кілтін табыстады
Бірлік күні мерекесіне орай Балқаш ауданы Бірлік ауылындағы 10 отбасы тегін баспананың кілтін алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық акциясы аясында балқаштық Жандос Әбенұлы 50 адамға үйдің кілтін табыстайтынын айтқан. Қайырымдылық жасауды асыл қасиет деп білетін азамат ауылындағы агрофирмада 20 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан ауыл азаматтарына тұрғын үй сыйлап, құрметке бөленді. Тегін үй алғандардың арасында көпбалалы және мүгедектігі бар отбасылардың адамдары да кірген.
«Осы шаруашылықта жұмыс істегенімізге 16 жыл болды. Сол уақыттан осы үйде тұрып келе жатқанбыз. Бұрын совхоздың үйі болған. Енді жекеменшікке беріп, бізді қуантып жатыр. Осы үйден өсіп, өнейік», - дейді ауыл тұрғыны Мұхтар Дүмшебаев.
Жалпы, ынтымағы мен бірлігі жарасқан ауылдың жас кәсіпкер баласы жасынан төрт түлікке етене жақын болып өскен екен. 2015 жылы «Бірлік АЖА» ЖШС құрып, бүгін шаруашылықтың тасын өрге сүйреп келеді. Серіктестік мал тұқымын көбейту мен асылдандырумен айналысады. Айтпақшы, ауыл адамдарына баспана сыйлаған жігіт Тәуелсіздікпен түйдей құрдас. Қайырымдылық жасауды жаны сүйетін азамат 2020 жылы «Асыл жүрек» номинациясының иегері атанған.
«Осыдан 3 жыл бұрын 7 баспананың кілтін ауыл тұрғындарына табыстаған болатынбыз. Міне, бүгін тағы қуанышты жағдай боп жатыр. Мен Тәуелсіздік құрдасы әрі елімнің патриоты ретінде ауылымның көркейюіне аз да болса, үлесімді қосқым келеді. Жақсылық жасау жаныма қуаныш сыйлайды», - деп атап өтті «Бірлік АЖА» ЖШС директоры Жандос Әбенұлы.
Айта кету керек, Алматы облысында «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық акциясы шеңберінде 600 астам іс-шара ұйымдастырылған.
«Алматы облысында 80 млн теңгеге 8 мыңнан астам отбасыға азық-түлік пакеттерімен қолдаулар көрсетілді. Ары қарай да бұл шара жалғасатын болады. Қазір Алматы облысы көлемінде 4 мыңнан астам ерікті бар. Олардың барлығы жыл соңына дейін осы марафонға жұмылдырылады», - деді облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Елдар Сапаров.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орайластырылып, бастау алған «Қайырымды істер марафоны» әлі де жалғасын таппақ. Марафонның жалпы ұлттық маңызын арттыруға ниет білдірген жомарт азаматтар саны артып келеді. Бұл өз кезегінде шараның өміршең болуына ықпал етеді.