Бүгін – Қазақстан халқының бірлігі күні

Автор: Azattyq Rýhy

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын 1 мамыр мерекесімен құттықтады

 

Фото: ашық дереккөзден

Бүгін, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Бұл мереке Елбасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1996 жылғы Жарлығы бойынша жыл сайын кең көлемде аталып өтеді.

Елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлысты ұйыстырып отырғандықтан, мемлекет үшін бұл мерекенің орны ерекше. Қазақстан көптеген ұлт пен ұлыстардың ортақ шаңырағына айналып, бейбітшілік пен келісім арқылы әлемге үлгі болып отыр. Қазақ халқы алмағайып замандарда шартараптан бас сауғалаған, тағдыр тәлкегімен босып келген жұртты бөле жармай, барлығын бауырына басты.

Осылайша, қазақ халқының даналығы, кеңдігі мен сыйластығы әлеуметтік, діни және де шығу тегіне қарамай, жаңа мемлекеттің барша азаматының ұйысуына себепші болды. Бүгінде бейбітсүйгіш елдің бірлігін айғақтайтын ұлы мейрам әр өңірде тойланады.

Алайда пандемияға байланысты биыл да бұқаралық іс-шараларға тыйым салынып, мереке екінш жыл қатарынан жаңа форматта, яғни онлайн түрде өткізіліп жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы маңызды мерекеге байланысты Қазақстан халқын 1 мамыр – Бірлік күнімен құттықтады.  

«Құрметті Отандастар! Баршаңызды Қазақ халқының бірлігі күніменишын жүректен құттықтаймын!

Тұңғыш Президентіміз –Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен белгіленген бұл мереке ғасырлар бойы қазақ жерінде берік орныққан достық пен ауызбіршілік, өзара құрмет пен сенім сияқты қастерлі құндылықтарға негізделген.

Тәуелсіздік кезеңінде негізі қаланған «әралуандығымыз - бірлікте» қағидаты Қазақстанның сан қырлы мәдениеті мен дәстүрін баға жетпес байлығымызға айналдырды. Ырыс-ынтымақ пен отаншылдық рух ұлттық кодымыздың ұйытқысы болып отыр.

Халқымыздың әділетті әрі дамыған мемлекет құрып, еліміздің өркендету жолындағы мүддесі ортақ.

Біз қоғамдағы тұрақтылық пен келісімнің, өзара қолдау мен жасампаз еңбектің арқасында кез-келген қиындықты еңсеріп, көздеген мақсатымызға жетеміз.

Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!

Әр шаңырақта татулық пен өзара түсінстік болсын!», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.