Нұр-Сұлтандағы емханалар мамыр айының мереке күндері қалай жұмыс істейді?

Автор: Azattyq Rýhy

Қалалық емханаларда учаскелік дәрігерлер мен мобильді бригадалар жұмыс істейді

Фото: ашық дереккөзден

Нұр-Сұлтанда мамыр айының жақындағанына қарамастан медициналық ұйымдар, яғни қалалық МСАК ұйымдары штаттық режимде жұмыс істейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарлағандай, қалалық емханаларда учаскелік дәрігерлер мен мобильді бригадалар жұмыс істейді. 

«Алда мерекелер бар, алайда біз халыққа медициналық көмек көрсету үшін үздіксіз жұмыс істей береміз. Қажет болған жағдайда пациенттер учаскелік дәрігерлерге жүгіне алады. Сол сияқты сағат 08:00-20:00-ге дейін жұмыс істейтін жылжымалы бригадаларды да шақыра алады. Ал «жедел жәрдем» қызметі тәулік бойы қызмет етеді. Жедел шақырулардың 4 санатына емханалардағы ЖМК қызмет көрсетеді», - деді Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемова.

Рүстемова мереке күндері салалық мамандар жұмыс істемейтінін, ал жексенбіде тек кезекші дәрігерлер көмек көрсететінін атап өтті.

«Қала тұрғындары мереке күндері өз емханаларының колл-орталықтарына немесе учаскелік дәрігерлерге қоңырау шала алады. Байланыс нөмірлері олардың ресми сайттарында және әлеуметтік желілерде көрсетілген», - деп қосты ол.