30 жылдан бері есік-терезесіз тұрған қос ғимаратқа әкімдік жөндеу жұмыстарын жасамақ
Ембідегі қаңырап қалған үйлер қайта жаңартылып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Хабар 24» сайтына сілтеме жасап.
Ақтөбе облысының Ембі қаласында бос тұрған көпқабатты баспаналар пәтерге мұқтаж жандарға үлестіріледі. Осы мақсатта облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, қалада қаңырап қалған ғимараттар жөнделеді.
«Тоқсаныншы жылдардың ескерткішіне айналған бұл үйлер күні кешеге дейін бұралқы иттер мен күдікті тұлғалар жиналатын орын болып келген. Есік-терезесіз қаңырап тұрған қос ғимарат 30 жылға жуық иесіз тұрды. Сот арқылы мемлекет меншігіне өткізген жергілікті билік былтыр қайта жөндеу туралы шешім қабылдапты. Жақын уақытта Ембі қаласының сәніне айналып, мұқтаж жандарға үлестіріледі», - деді Мансұр Есқожин.
«15-ші үйге 332 миллион ақша, 11-ші үйге 225 млн ақша облыстық бюджеттен бөлінді. Қазір екі мердігер анықталды. Міне, жұмыстар басталып, амандық болса, қаламыздағы 135 тұрғын пәтермен қамтылатын болады», деді Ембі қаласының әкімі Әлімжан Қорғанбай.
Әлеуметтік топ өкілдерінен 200-ден астам адам пәтер кезегіне тіркелген. Жалпы, Ембі қаласында демографиялық өсім қарқынды. Халық санының артқанын оқушылар санынан-ақ байқауға болады. Себебі шаһардағы 5 мектеп білім алатын бүлдіршіндер үшін аздық етіп отыр. Сондықтан биыл тағы бір 320 орындық оқу ордасының іргетасы қаланады. Сондай-ақ 40 жыл бұрын қолданысқа берілген нөмірі екінші мектепке күрделі жөндеу жасалған.
«Бізге енді биылғы жылға жергілікті бюджеттен физика, химия және биология кабинеттері зертханасымен бірге бөлінгелі тұр. Биылғы оқу жылында қарастырылады. Және жаңа модернизация үлгісіндегі кітапхана қарастырылып жатыр. Сосын біз өзіміздің мектептің бюджетін экономдап, балалар ойнайтын, балалар демалатын ойын-сауық алаңын жасағымыз келіп тұр», - деді Ембі қалалық №2 орта мектеп директоры Райымбек Мұсағали.
Жергілікті тұрғындар үшін тағы бір қуанышты жаңалық. Биыл Ембі қаласындағы алғашқы көп салалы спорт кешені құрылысы басталады. Ол үшін демеушілер 230 миллион теңге бөлуге әзір. Шаһардың орталығындағы алаңнан бой түзейтін ғимаратта бокс, күрес үстел теннисі мен жеңіл атлетика түрлерінен үйірмелер болады.