Қуат Тұмабаев 2018 жылғы атышулы даудан кейін Өскемен қаласы әкімі қызметінен кеткен
22 сәуірде Өскеменнің экс-әкімі Қуат Тұмабаевтың Сауда және интеграция министрлігінің экспортты жылжыту департаменті директоры қызметіне тағайындалғаны жайлы ақпарат жарияланды.
Алайда мұндай жаңалық қоғам арасында түсініспеушілік туғызды. Себебі, Өскемен қаласының экс-әкімі 2018 жылы адам өлімімен аяқталған жол апатына байланысты қызметінен кетуге мәжбүр болды.
Мәжіліс депуататы Артур Платонов Facebook желісінде департаменті директоры болып тағайындалған Қуат Тұмабаевқа қатысты ойын айтты.
«2018 жылдың тамыз айында Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаев Риддер қаласы әкімінің орынбасары Б. Құрманбаевтың көлігін тізгіндеп, мас күйінде жаяу жүргіншіні өлімші етіп қағып кетті. Жол апатынан кейін Қуат Тұмабаева бөтен автокөліктің рөліне отырып, оқиға орнынан тайып тұрған. Тәртіптік комиссияның шешімімен Тұмабаевқа қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту жасалды, ал «Nur Otan» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Даниал Ахметов «оның мұндай жоғары лауазымды атқаруға моральдық құқығы жоқ» деп атап өтті», - деп жазды Nur Otan партиясының Партиялық бақылау комитетінің төрағасы Артур Платонов.
Осылайша, 2018 жылдың 13 тамызында Қуат Тұмабаев Өскемен қаласының әкімі қызметінен босату туралы өтініш жазған. Мәжіліс депутаты осы оқиғадан кейін Тұмабаевтың жаңа қызметке орналасуын саяси кодекске қарама-қайшы деп бағалады.
«Тұмабаевты Сауда және интеграция министрлігінің экспортты жылжыту департаментінің директоры лауазымына тағайындау туралы шешім «Nur Otan» партиясы мүшесінің саяси тұғырнамасының құндылықтары мен Әдеп кодексіне қайшы келеді. Осыған байланысты елордалық партиялық бақылау комиссиясының ұсынысы бойынша Қуат Тұмабаев партияның беделін түсіргені үшін оның қатарынан шығарылды. Сауда және интеграция министрлігі басшылығының атына Қуат Тұмабаевты осы ведомствоның экспортты жылжыту департаментінің директоры қызметінен босату туралы ұсыныспен хат жолданды», - деп жазды Платонов.