Қазір орбитада SpaceX компаниясының 1400-ге жуық жерсерігі орналасқан
Наурыз айының соңынан бері қазақстандық тарап SpaceX-пен келіссөздер жүргізіп жатыр. Осы аралықта SpaceX-тің мемлекеттік реттеушілермен байланыс жөніндегі директоры Мэтт Ботвинмен бірнеше онлайн кездесулер де өткізілген. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин өзінің Facebook-парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Ынтымақтастықты дамыту бойынша бізге қызықты бірнеше бағыт бар. Министрліктің мақсаты – Қазақстандағы әрбір елдімекенді интернетпен қамту. Телепорт станциясын Алматы маңында орналастыру және бес елдімекенді тестке қосу үшін алдын ала келісімдер жасалды. Ауылдарда орнатылатын нүктелердің санын әлі де жұмыс барысында нақтылаймыз», - деп атап өтті министр.
Ол осы бағыттағы жаңалықтарды әлеуметтік желілерде бөлісіп отыратынын жеткізді.
«Екі тарап арасында толық келісім мен өзара түсінік пайда болған уақытта қай бағытқа баратынымыз жайлы және БАҚ өкілдері үшін SpaceX-пен бірлескен баспасөз жиынын өткіземіз. Қосымша айта кетсем, Starlink жүйесі АҚШ, Канада және Еуропа елдерінің аумағын толығымен қамтиды. Қазір орбитада SpaceX компаниясының 1400-ге жуық жерсерігі орналасқан», - деп жазды Б. Мусин.