Қазақстанның сыртқы қарызы 35,6 миллиард долларға жетті

Автор: Azattyq Rýhy

Елдер бөлінісінде берешектің ең көп үлесі Ұлыбританияға тиесілі

 

Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанның сыртқы қарызы 35 млрд 600 млн долларға жетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Atameken Business» арнасына сілтеме жасап.

Бұл – былтырғыдан 2 млрд-қа артық сома. Берешектің басым бөлігі, яғни  13,8 млрд доллар – мемлекеттік басқару және қорғаныс секторына тиесілі. Ғылыми, техникалық сала бойынша міндеттемелер 9 млрд доллардан асады. Үшінші орында қаржы және сақтандыру саласы тұр. Бұл бағыттағы борыш 4,4 млрд долларды құрайды.

Ал жалпы берешектің қомақты үлесі банктерге тиесілі – 20,1 млрд доллар. Одан кейінгі сатыда мемлекеттік басқару секторы тұр. Ондағы қарыз – 13,8 млрд доллар. Ал Ұлттық банктің берешегі – 1,3 млрд долларды құраса, фирмааралық қарыздың көлемі 215 млн долларға тең.

Елдер бөлінісінде берешектің ең көп үлесі Ұлыбританияға тиесілі. Тұманды Альбионға 19 млрд доллар қайтаруымыз керек. Екінші орында халықаралық ұйымдар алдындағы қарыз тұр. Оның көлемі 8,5 млрд доллар болса, Қытайға -  4,9 млрд, Ресейге – 973 млн, ал Жапонияға 554 млн доллар қарызбыз.