«Елорда жастары сыйлығы» 15 номинация бойынша табысталады
Бас қаладағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Елорда жастары сыйлығы» байқауы өтіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Бүгінгі шараның мақсаты – дарынды жастарды қолдап, олардың жетістіктерін халықа арасында насихаттау және бәскеге қабілетті жас мамандарды анықтау. Бір жағынан елорданың жастарын ынталандыру. Байқау жеңімпаздарына 100 мың теңгенің сертификаты табыс етіледі», - деді қалалық әкімдіктің жастармен жұмыс бөлімінің басшысы Бақытжан Жүнісбеков.
Оның айтуынша, дауыс беру ашық түрде өтті және әрбір қатысушы туралы деректер толықтай ұсынылды.
«Байқау номинаттарына қойылған алғашқы талап, ол жас ерекшелігі яғни 14 пен 29 жас аралығында болуы керек. Екінші кезеңде үміткердің өз саласы бойынша жыл бойы жасаған жұмыстары мен жетістіктері есепке алынып, олар арнайы құрылған комиссияның қарауына жіберілді. Комиссияның құрамында 15 саланың білікті мамандары бар. Аталған комиссия 15 номинация бойынша 3-тен 5-ке дейін үміткерді таңдап алды. Одан соң онлайн дауыс беру кезеңі басталды. Ал бүгін ақтық сында ең көп дауыс жинаған жеңімпаздар анықталады», - деді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қыркүйекте басталған байқауға 1 мыңнан астам өтінім келіп түсті.
«Елорда жастары сыйлығы» 15 номинация бойынша табыс етіледі:
1. Эстрада
2. Ғылым
3. Журналистика
4. Кино және театр
5. Ұлттық өнер
6. Спорт
7. Мемлекеттік қызметкер
8. Әлеуметтік саланың үздік қызметкері
9. Қоғамдық қызмет
10. Өндірістің үздік қызметкері
11. Заманауи шығармашылық өнер
12. Үздік студент
13. Үздік жастар театры
14. Жас кәсіпкер
15. Жыл еріктісі