10 сәуірге арналған ауа райы болжамы

Автор: Azattyq Rýhy

Республикамыздың оңтүстік және оңтүстік-батысында шаңды дауыл соғады, солтүстікте көктайғақ болады

Фото: ашық дереккөзден

10 сәуір күні еліміздің басым бөлігінде атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты тұрақсыз ауа райы сақталады. Республиканың солтүстігінде, шығысында және орталығында жауын-шашын жауады. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметі жария етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Өзге аймақтарда жаңбыр жаумайды, күн ашық болады. Кей жерлерде тұман түсіп, жел күшейеді. Республикамыздың оңтүстік және оңтүстік-батысында шаңды дауыл соғады, солтүстікте көктайғақ болады», - делінген хабарламада.

Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарының кей жерлерінде тұман түседі, күндіз жел екпіні 15-20, 25 м/с жетеді.

Ақмола облысының кей жерлерінде тұман түсіп, көктайғақ болады. Таңертең және күндіз жел қарқыны 15-20 дейін күшейеді. Облыстың оңтүстік-шығысында жел жылдамдығы 23 м/с дейін жетеді.

Атырау облысының кей жерлерінде жел жылдамдығы 15-20 м/с дейін күшейеді, күндіз шаңды дауыл тұрады.

Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарының кей жерлерінде күндіз желдің күші 15-20 м/с жетеді.

Шығыс Қазақстан облысының кей жерлерінде түнде тұман түседі.

Жамбыл және Қостанай облыстарының кей жерлерінде түнде жел екпіні 15-20 м/с дейін күшейіп, кей жерлерінде тұман бақыланады.

Түркістан облысының кей жерлерінде жел қарқыны 15-20 м/с жетеді. Аймақта шаңды дауыл соғады.

Қызылорда, Маңғыстау облыстарының кей жерлерінде күндіз жел 15-20 м/с жетеді, шаңды дауыл соғады.