ШҚО-да несиесін толық өтеген ана банкке 55 млн теңге қарыз болып қалған

Автор: Azattyq Rýhy

Әсия Ахметова кредиттік серіктестікке қосылып 3 млн теңге көлемінде несие алған. Ол өз берешегін толық өтесе де, серіктестіктің бірқатар мүшелері несиелерін төлемей келген

Фото: ашық дереккөзден

Өскемен тұрғыны, үш баланың анасы Әсия Ахметова 2013 жылы Серебрянск қаласына көшіп барып, банктен несие алып, жеке кәсіп бастайды. Балалар дәмханасын ашып, ісін ілгерілеткен ол, бірінші қабаттан шағын 3D кинотеатр ашпақ болады. Осы мақсатта қалалық кәсіпкерлік бөліміне жүгініп, «Бірлік» кредиттік серіктестігіне қосылып 3 миллион теңге көлемінде несие алады. Әсия өз берешегін толық өтесе де, серіктестіктің бірқатар мүшелері несиелерін төлемей келгендіктен, үш жылдан кейін үш миллион елу бес миллионға айналып отыр, деп хабарлайды  Azattyq Rýhy тілшісі altaynews.kz-ке сілтеме жасап.

Әсияның шоттарына шектеу қойылған. Мемлекеттік бағдарлама бойынша баспана алсам деген арманы да аяқ асты болып отыр. Әсия Манарбекқызы дәл осы мәселе бойынша облыс әкімі Даниал Ахметовтың қабылдауында болды.

«Меніңше, мәселенің мән-жайы анық. Сол себепті үш баланың анасын банктің шектеулерінен босату керек. Сот істі қайта қарап, жағдайды тез арада реттеуі тиіс. Адамдарға қиындық тудырмаңдар, жағдайды жете түсініп, барлық белгілеген заң аясында дереу реттеуге тырысыңдар», – деп тапсырды Д.Ахметов.

Аймақ басшысы сондай-ақ Әсияның «7-20-25» бағдарламасы бойынша пәтер алуына мүмкіндік беру керектігін айтып, жауапты мамандарға тапсырма берді.

Тегтер: