Су тасқынының қаупі жоғары 400-ден астам жол учаскесі жіті назарға алынды

Автор: Azattyq Rýhy

Автожолдардағы су тасқынына қарсы жұмыстар биыл наурыз айында басталды

Фото: ашық дереккөзден

Су тасқынының қаупі жоғары 400-ден астам жол учаскесі жіті назарға алынды. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Төлеген Абдуллин мәлімдеді. деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның сөзінше, автожолдардағы су тасқынына қарсы жұмыстар биыл наурыз айында басталды. Қазір су өткізу құбырларының саңылауларын тазалау жұмыстары аяқталуға таяу.

«Автожолдарда тәулік бойы кезекшілік пен патрульдеу ұйымдастырылған. 434 қауіпті учаске, 838 құбыр және 52 көпір жіті бақылауға алынды. Аталған учаскелерде қажетті жол техникасының 746 бірлігі бекітілген. Су тасқынына қарсы жұмыстарды уақтылы әрі тиімді жүргізу үшін барлық қажетті жол материалдары сақадай сай», - деп алға тартты Абдуллин.

Спикер, сондай-ақ, реконструкция мен күрделі жөндеу барысында су тасқынының қаупі жоғары деген автомобиль жолдарының учаскелерінде қосымша көпірлер мен су өткізу құбырларын орнату бойынша жұмыстар жүргізілетінін де атап өтті. Су тасқынына қарсы шараларды орындау кезінде өңірлердің ауа райы мен климаттық жағдайлары, сондай-ақ өткен жылдардағы су тасқыны кезеңінің нәтижелері ескеріледі.