Алматы әкімі қаладағы егу пункттерінің жұмысын тексерді

Автор: Azattyq Rýhy

Вакцинация пункттері 70 емханада, 31 сауда орталығында, ірі мәдени, білім беру және спорт мекемелерінде орналастырылды

 

Жұмыс сапары барысында Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қалалық емханаларда болып, ерікті түрдегі жаппай вакциналауды ұйымдастырумен танысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Б. Сағынтаев №5 ауруханасындағы және №№5, 15, 17, 29 емханаларындағы екпе кабинеттерінің жұмыстарымен танысты.

Мегаполис әкімі вакциналауға алғашқы болып келген алматылықтармен әңгімелесті. Б. Сағынтаев бұл коронавирусқа қарсы тұрудың жалғыз мүмкіндігі екенін еске салды. Қалалықтар вакциналауға түсіністікпен қарауда.

Әкімнің мәліметі бойынша, вакцинация пункттері шаһардағы 70 емханада, 31 сауда орталығында, ірі мәдени, білім беру және спорт мекемелерінде орналастырылуда.

Қалада КВИ таралуын болдырмау жөніндегі жедел штабтың отырысында жаппай вакцинациялау науқанын ұйымдастыру мәселелері қаралды.

«Барлығы 250-ге жуық пункт ашылады. Олардың жұмысын 2250 маман – дәрігерлер, мейірбикелер, тіркеушілер қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, дәрігер резиденттердің ішінен 1200 ерікті тартылады. Қосымша мобильді жылжымалы пункттер құрылды», - делінген қалалық әкімдіктің хабарламасында.

КВИ-ге қарсы ерікті түрдегі жаппай вакциналаудың бекітілген жоспарына сәйкес, суық тізбекті сақтау үшін мұздатқыштармен жабдықтауға ерекше назар аударылатын болады.