Қыруар қаржы жұмсалған саябақтың тасы бүлініп, кейбір жерлері ойылып қалған
Жөндеу жүмысына 1 млрд теңге бөлінген Семей қаласының саябағы қайта жөндеуді талап етеді. Журналист Қуаныш Рахметоллаұлы өзінің фейсбук парақшасына тасы бүлініп, кейбір жерлері ойылып қалған қазіргі саябақтың суретін салып, жергілікті әкімдікті сынға алды.
«2 жыл бұрын Семейдің орталық саябағы қала тұрғындары үшін жабылып, күрделі жөндеу жұмыстары басталған еді. Демалыс орындары аз шаһар халқы үшін қазіргі орталық саябақтың жай күйі мынадай. 1 млрд-қа жуық қаржы бөлінген ауқымды жөндеу жұмысының сиқы осы. Тақта тастар қисық-қисық төселген, кейбір жерлері сынып жатыр. Өз үйлерінің ауласына мынадай қылып төсемейді ғой. Алаштың рухани астанасын осылай мазақ етуге бола ма?», - деп жазды автор.
Бұл мәселеге қатысты жергілікті Ішкі саясат бөлімінің басшысы жөндеу жұмыстарының әлі аяқталмағанын айтып, бүлінген жерлерді мердігер компания қайта жөндейді деп сендірді.
«Семей қаласының Орталық мәдениет және демалыс саябағын қайта жаңарту аясында көгалдандыру, жаяу жүргіншілер жолдарын, күркелерді, демалыс алаңдарын, спорттық тренажерларды, шағын сәулет нысандарын салу, балалардың ойын алаңдарын салу, сыртқы жарықтандыру, велосипед жолдарын салу, кеспе тастарды төсеу, жаяу жүргіншілер тротуарларын ауыстыру және т. б. жұмыстар жүргізілді. Мердігер ұйым - "Еңбек" ШЖҚ РМК "Еңбек-Семей" филиалы, "Көкжартас-құрылыс" ЖШС. Саябақты абаттандыру жұмыстары 16.09.2019 жылы басталды. Алаңға көгал шөптерін отырғызу, балалар алаңдарына тартан жабынын төсеу, кеспе тастар, құрғақ фонтанды іске қосу-жөндеу жұмыстары 2021 жылдың 01 маусымына дейін аяқталады», - деп мәлімдеді Семей қаласы Ішкі саясат бөлімінің басшысы Айбек Самат.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан