Синоптиктер оңтүстік облыстарда су тасқыны болуы мүмкін екенін ескертеді
Синоптиктер 26-28 наурыз аралығында Алматы, Түркістан, Жамбыл облыстарында ауа температурасы жылы болатындықтан қар жылдам еріп, қатты жауын-шашын салдарынан тау өзендері арнасынан таситынын, соның салдарынан су тасқыны болуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
26-27 наурыз аралығында ауа райы жылып, жауын-шашын көп түсуіне және қар жамылғысының тұрақсыз болуына байланысты Үлкен және Кіші Алматы өзендері су алаптарында (2100 метр жоғары биіктікте) қар көшкіні жүруі мүмкін.
«Көшкін жүру қаупі мүмкін болуына байланысты, қарлы беткейлерге шығу ұсынылмайды. Тауда абай болыңыздар», - делінген «Қазгидромет» хабарламасында.
27 наурызда күндіз Түркістан облысының таулы аудандарында қатты жаңбыр болады. Кей жерлерде найзағай, таңертең және күндіз оңтүстік-батыстан, батыстан соғатын желдің күші 15-20 м/с жетеді.
27 наурызда Қызылорда облысының кей жерлерінде найзағай, тұман болады. Батыстан, солтүстік-батыстан жел соғады, күші күндіз кей жерлерде 15-20 м/с жетеді.
27 наурызда Ақтөбе облысының кей жерлерінде көктайғақ, тұман болады. Желдің бағыты оңтүстік-батыстан солтүстік-батысқа ауысады, күндіз облыстың оңтүстігінде екпіні 15-20 м/с жетеді.
27 наурызда Батыс Қазақстан облысының кей жерлерінде тұман, көктайғақ болады.
27 наурызда Солтүстік Қазақстан облысының кей жерлерінде тұман, көктайғақ болады.
27 наурызда Ақмола облысының кей жерлерінде тұман, көктайғақ, жаяу бұрқасын болады. Шығыстан соғатын жел оңтүстік-батысқа ауысады, күші кей жерлерде 15-20 м/с жетеді.