Қостанайлық шенеунік жұмыс уақытында аңға шыққан

Автор: Azattyq Rýhy

Сонымен қатар ол карантин кезінде дәмханаға барған

Фото: ашық дереккөзден

Қостанайда инспекция басшысы жұмыс уақытында аңға шығып, карантин кезінде дәмханаға барған. Мемлекеттік қызмет істері бойынша кеңес мүшелері шенеунікті қызметінен босату жөнінде ұсыныс енгізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі astanatv.kz-ке сілтеме жасап.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің өкілі шенеунікке қатысты қылмыстық іс тергеліп жатқанын мәлімдеді. Аумақтық инспекция басшысы жұмыс уақытында өзге облыс аумағына аңға шыққаны анықталып отыр. Оған қоса карантин кезінде тәртіпке бағынбай, дәмхағана барған. Қызметтік көлігін де қызметтен тыс пайдаланғаны анықталыпты. 

2020 жылы қазан айының 26 мен 29 аралығында Арқалық қаласына іс-сапармен барған. Жол шығындарын толық өтеп алған. Алайда қазанның жиырма сегізі, яғни сәрсенбі жұмыс күні ол Қостанай облысынан алыстап Ақмола аумағына аңға шыққан. Сол жерде бір тәуліктен астам болған. 

Атқамінер Арқалық жаққа аңға емес, іс-сапармен барғанын айтып ақталды. Бірақ онлайн байланысқа шыққан жергілікті инспекция қызметкерлері оның сөзін жоққа шығарды. Ақыры шенеунік аңшы екенін мойындады. Ал басшылық қызметін қашықтан жүргізіп, барлық жұмысты телефон арқылы тындырғанын жеткізді.