Жаңаөзенде ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған оңалту орталығы ашылды

Автор: Azattyq Rýhy

Орталықта 9 қызмет көрсетіледі

Фото: ашық дереккөзден

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ұйымдастырылған «Игі істер марафоны» жалпыұлттық жобасы аясында Жаңаөзен қаласында жаңа «Балақай» оңалту орталығы ашылды. Орталық кешенді оңалту қызметін көрсетеді, атап айтқанда оған 9 қызмет кіреді: емдік дене шынықтыру, гидротерапия, физиотерапия, массаж, арнайы жабдықта иппотерапия, сондай-ақ психологиялық-педагогикалық түзету. Мекеменің ашылуына «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма Төрағасы Алик Айдарбаев, «Samruk-Kazyna Trust» қорының өкілдері, «Өзенмұнайгаз» АҚ Бас директоры Есен Өтеев, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналары қатысты.

Жобаның бастамашысы «Мұнайшы қамқоры» ҚҚ, оның құрылтайшылары «Өзенмұнайгаз» АҚ қызметкерлері болып табылады. Оны жүзеге асыру аясында компания Р. Өтесінов атындағы дене шынықтыру- сауықтыру орталығының базасынан орын бөліп, жөндеу жұмыстарын жүргізді. Айта кету керек, орталықтың әкімшілік шығындарын өтеу жыл сайынғы бюджетті жоба әкімшісі «Өзенмұнайгаз» АҚ-мен бірлесіп, 9 мыңнан астам қызметкерлердің ай сайынғы ерікті жарналарының арқасында жүзеге асатын болады.

«Орталық жылына церебралды сал ауруы, аутистік спектрдің бұзылуы, психикалық дамудың тежелуі, гемипарез, нейро-ортопедиялық аурулар және басқа да ерекшеліктері бар 600-ге жуық баланы тегін негізде қабылдайтын болады», - деп атап өтті «Мұнайшы қамқоры» ҚҚ өкілі Келдібай Санзыбаев.

«Samruk-Kazyna Trust» қоры да бұл жобаны қолдап, қажетті жабдықтарды, оның ішінде жүру дағдыларын қалпына келтіру үшін «Mercury Med» оңалту кешенін, баланс патологиясын диагностикалауға арналған «Биокинект» кешенін, эрготерапияға арналған тренажерларды, магнито және физиотерапияға арналған аппараттарды, барлығы 40 млн. теңгеге 25 жабдықты сатып алды», – деп атап өтті «Samruk-Kazyna Trust» қорының ресми өкілі - Корпоративтік қызметтің басшысы Іргебаев Мирас.

Сондай-ақ, орталыққа Жаңаөзен қаласының 15 білікті маманы жұмысқа орналастырылды.

«Біздің қаламызда осындай заманауи оңалту орталығы пайда болғанына өте қуаныштымын. Менің ұлымның церебральды сал ауруы бар және бізге үнемі оңалтудан өтіп отыру қажет. Мұнда бізге көмектесе алатын білікті мамандар, жаңа жабдықтар, тренажерлер бар. «Ерекше» балалардың ата-аналарының атынан осы орталықты ашуға көмектескендердің барлығына алғыс айтамын», – деді екі жасар Бердіғали Алтынбектің анасы             Биялай Дүрісбаева.

Тегтер: