Қарағандыда жоғалған жасөспірімді иен даладан тапқан полицейлер марапатталды

Автор: Azattyq Rýhy

Аязда адасып кеткен 16 жастағы бозбала екі күннен соң табылған болатын

Қарағанды облысы Полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин Жаңаарқа аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Жұбаныш Жүнісбеков пен кезекші-полицей Қами Өскенбаевқа Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен берілген ІІ дәрежелі «Ішкі істер органдарының үздігі» төс белгісін табыстады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Сондай-ақ, Ерлан Файзуллин өз құқығымен жасөспірімді іздеу барысында ерекшеленген полиция қызметкерлерінің әрқайсысына 100 мың теңгеден сыйақы берді.

«Біздің қызметкерлер ұзақ уақыт бойы шаршағанына және күннің суықтығына қарамастан, жоғалған баланы табу үшін бар күш-жігерін салды. Олардың табандылығы мен төзімділігінің арқасында жас бала дін-аман табылды. Сондықтан да сіздерге қанша құрмет көрсетсек те артық емес», – деді Департамент бастығы Ерлан Файзуллин марапаттау барысында.

«Іздестіру жұмыстары өте қиын жағдайда жүргізілді. Біздің ойымызда баланы тауып, аман-есен ата-анасына тапсыру ғана болды. Біздің орнымызда болған әрбір полиция қызметкері өзіне жүктелген міндетті бұлжытпай орындайды деп ойлаймын», – деді Жұбаныш Жүнісбеков.

Естеріңізге сала кетейік, 16 ақпан күні Қарағанды облысы Жаңаарқа аудандық полиция бөліміне 14 ақпан күні ауданға қарасты қыстақтардың бірінен 16 жастағы жасөспірімнің шығып кетіп, із-түзсіз жоғалғаны туралы хабарлама түскен. Хабарлама бойынша полиция қызметкерлері кешенді іздеу жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде полиция қызметкерлері Ж.Жүнісбеков пен Қ.Өскенбаев баланы тауып, оны аман-есен ата-анасына тапсырған еді.