Головкин келесі жекпе-жегін бұрын-соңды жеңілмеген мексикалық боксшымен өткізеді

Автор: Azattyq Rýhy

Бокс кеші мамыр айына жоспарланған

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкиннің келесі қарсыласы анықталды деп жазады Vesti.kz. Жерлесіміз өзіне тиесілі IBF чемпиондық титулын екінші рет қорғайды. Оның қарсыласы – бұрын жеңіліп көрмеген мексикалық боксшы Хайме Мунгия.

Жекпе-жек 7 мамырда Техас штатында өтеді. Тараптар бірнеше аптаға жалғасқан келіссөздерден кейін осындай шешімге келген.

Мунгия – алғашқы орта салмақта әлемнің экс-чемпионы. Головкиннің салмағына өткелі бері екі кездесу өткізіп, екеуінде де жеңіске жетті. Алғашқы жекпе-жегінде ирландиялық Гэри О’Саливанды тізе бүктірсе, екіншісінде Багам аралдарының боксшысы Туреано Джонсоннан басым түскен.

Еске салайық, Геннадий Головкин соңғы жекпе-жегін 2020 жылдың желтоқсанында АҚШ-та өткізген болатын. Ол кезде қазақстандық боксшы поляк Камил Шереметаны нокаутпен жеңіп, өзінің әлем чемпионы атағын 21-рет қорғап қалды.