ТЖ қызметкерлері оны қонақүйге апарды
Солтүстік Қазақстан облысында еліне зығыр апара жатқан Түркия азаматы жүк көлігімен жолда қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі СҚО полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Мамлютка-Қостанай тас жолының Жамбыл ауданы орталығы Пресновка жанында жол жиегінде тұрған «Volvo» ауыр жүк көлігін байқайды. Жүргізуші Түркия азаматы телефонындағы онлайн-аудармашының көмегімен тілдескен. Жүк көлігінің жүргізушісі отанына Петропавлдан 20 тонна зығыр апара жатқанын түсіндірген. Жолда көліктің ауа сүзгісі істен шыққан. Аязда не істерін білмей тұрғанда полицейлер көмекке келген. Олар бөлшекті суретке түсіріп, Петропавлдағы таныстарына жолдайды. Олар такси жүргізушісінен жаңа сүзгіні беріп жіберген.
Түркия азаматын полицейлердің өтініші бойынша оқиға орнына келген ТЖ қызметкерлері қонақ үйге апарды, ал тәртіп сақшылары түні бойы жүк көлігін күзетті. Келесі күні таңертең шетелдікке көлігін жөндеуге көмектесті.
«Мен қанша жолда жүрсем де мұндай полиция қызметкерлерін ешқашан кездестірмедім, тез көмекке келеді деп күтпеген де едім. Шексіз алғыс білдіремін!» - деді жолын жалғастырған шетелдік.