Сарыағашта карантинге қарамастан көкпар ұйымдастырылған

Автор: Azattyq Rýhy

Көкпарға 70-ке жуық адам жиналған

Фото: ашық дереккөзден

Түркістан облысы Сарыағаш ауданында жергілікті тұрғын «Бата көкпар» өткізгені үшін жауапқа тартылды. Ол карантин талаптарына қарамастан Көктерек ауылы маңында 70-ке тарта адамға ұлттық ойын ұйымдастырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Карантин талаптарын сақтамаған тұғынды арнайы құрылған мобильді топ мүшелері анықтаған. Жасөспірімдерді жинап, «Бата көкпар» жасаған азаматқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы («Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу») бойынша әкімшілік хаттама толтырған. Жиналған материалдар тиісті шешім қабылдау үшін Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жолданды. Ал, көкпарға жиналған тұрғындарға карантин талаптарына жол бермеу туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тарқатылған.