2021 жылы зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау процестері цифрландырылады

Автор: Azattyq Rýhy

Әлеуметтік-еңбек саласындағы қызметтердің 91%-ы сандық қызметке ауысты 

2020 жылдың қорытындысы бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік-еңбек саласындағы қызметтердің 91%-ын цифрландырды. Бұл туралы ведомство басшысы Серік Шәпкенов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Министр өз сөзінде 2020 жылдың соңына қарай әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру бойынша елеулі нәтижеге қол жеткізгенін атап өтті.

«Біз қызметтерді 91%-ға цифрландырдық, 44 қызметтің 40-ы электрондық, оның 18-і проактивті түрде ұсынылады. 2020 жылдың қорытындысы бойынша, 12,4 млн. қызмет көрсетілді, оның 7,8 миллионы электрондық қызметке жатады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2021 жылы зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау процестері цифрландырылады », - деді министр.

Бұл көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде. Порталда техникалық құралдар мен оңалту қызметтерінің тізімі кеңейтіледі. 2023 жылдан бастап инватакси қызметі ресурсқа көшеді.

«Сонымен қатар, біз Цифрлық отбасы картасын құрумен айналысудамыз. Жоба өмірлік қиын жағдайдағы отбасыларды автоматты түрде анықтауға бағытталған және бұл азаматтарға әртүрлі мемлекеттік органдардың құзыретіне кіретін әлеуметтік қолдаудың белсенді кешенді шараларын ұсынуға мүмкіндік береді. Цифрлық әлеуметтік карта отбасының әл-ауқатының деңгейін болжауға қабілетті. Осылайша, жүйе оған енгізілген алгоритмнің арқасында азаматтардың көмекке жүгінуін күтпестен өмір сүру сапасын жақсартуға және азаматтардың әлеуметтік осал санаттарына қатысты алалауды болдырмауға көмектеседі», – деп нақтылады Серік Шәпкенов.

Айта кетерлігі, 2020 жылдың қарашасынан бастап, 14,5 мыңнан астам адам қашықтықтан қызмет алу мүмкіндігін пайдаланды. 11,7 мың азамат жұмыссыз мәртебесін алып, 3,4 мың адам мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына жіберілді.

2020 жылы портал арқылы 629 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды.