Облыстың 65 проценті табиғи газ тұтынады
Қызылорда облысының 65 проценті табиғи газ тұтынады. Облыс орталығы мен аудандар магистральді желіге қосылғанымен,ауыл халқы көгілдір отынның игілігін көре алмай-ақ келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Жергілікті әкімдік тіпті Қызылорда қаласына тиіп тұрған елдімекендердің өзіне құбыр тартып бере алмай отыр. Ал шалғай ауылдарға газ жеткізу мүлде мүмкін еместей көрінеді. Енді аймақ билігі жылдарға созылған бұл мәселені мемлекет пен жекеменшік әріптестік аясында шешіп көрмек. Қазалы ауданындағы Ғани Мұратбаев ауылы - орталық желіге қосылған облыстағы санаулы елді мекендердің бірі. Әйтеке би кенті іргесіндегі ауылдың 320 үйіне газ кіргізуге 209 миллион теңге жұмсалды. Күн суыса, көмір іздеп аудан орталығына тұра шабатын тұрғындардың көгілдір отын келгелі тұрмысы өзгеріп сала берді.
«Күз басталғаннан жыңғыл шауып, көмір дайындап қанша бейнетке қалатын едік. Үкіметтің, елдің арқасында ауылға газ келіп, патшадай болып газ жағып отырмыз. Үйіміз жылы, бүкіл ауыл қуанып жатыр. Бір тонна көмірдің бір айлық ақшасы кетпейді. Байқап отырмыз ғой», - дейді Ғани Мұратбаев ауылының тұрғыны Бақытберген Таңжанов.