Нұр-Сұлтанда карантин талаптарын бұзған бірнеше нысан анықталды

Қалада мобильді топтар бір тәулікте 60-қа жуық нысанды тексерді

Нұр-Сұлтанда карантин талаптарын бұзған бірнеше нысан анықталды

Нұр-Сұлтанда карантин талаптарын бұзушыларды анықтау және тиісті шара қолдану жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтее жасап.

Нұр-Сұлтан қаласында мобильді топтар бір тәулікте 60-қа жуық нысанды тексеріп, 8 карантин режимін бұзу жағдайын анықтады. Нақтырақ айтқанда, бас санитарлық дәрігердің коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі қолданыстағы қаулысын әкімшілік пен қоғамдық тамақтану нысандары мен ойын-сауық орындарының иелері жүйелі түрде бұзып, санитарлық талаптарды ескермей отыр.

Мысалы, сағат 23:00-де Самал көшесіндегі «Respawn» компьютерлік клубына 15 адам жиналып, желіде ойын ойнаған. Осылайша, қамсыз жүрген жастар санитарлық талаптарды елемей, оның салдарын ойламай, жақындарына қауіп төндіріп отыр.

Мобильді топтар рейд барысында Майлин көшесінде түн ортасында меймандарды қабылдаған караоке барды анықтады. Аталған нысанда тексеру келгенде 30-дан астам адам демалып отырған. Ең сорақысы бұл нысан карантин талаптарын осыған дейін де бірнеше рет бұзған және жауапқа тартылған.

Заң бұзушыларға қатысты жиналған материал ойын-сауық мекемесінің қызметін тоқтата тұру туралы мәселені қарастыра отырып, әкімшілік жауапқа тарту үшін тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жіберілді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.