Инспекция басшысының орынбасарын тәртіптік жазаға тарту ұсынылды
СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Ернар Баянғазиннің қатысумен өткен іс-шарада өңірдегі көліктік бақылау инспекциясының бас маманына қатысты пара алу фактісі бойынша қылмыстық іс бойынша Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 200-бабы тәртібінде ұсыным қаралды.
Сотқа дейінгі тергеу нәтижесі бойынша 2020 жылғы наурызда Ж.Т. Мұқановқа қатысты Ресей Федерациясының азаматы жүкті (бұрғылау қондырғысын) заңсыз тасымалдау фактісін анықтады.
«Лауазымды тұлға шетелдік тасымалдаушының бұрғылау қондырғысын коммерциялық мақсатта пайдаланатынын және оны облыс аумағы арқылы үнемі тасымалдауға мәжбүр болатынын біле отырып, жалпы қамқорлығы және одан әрі әкімшілік жауапкершілікке тартпауы үшін ай сайын 1 млн теңге мөлшерінде заңсыз сыйақы алуға қылмыстық ниет білдірді», - деді Ернар Баянғазин.
Инспекцияның бас маманы заңсыз әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершіліктен қорқып, қылмыстың ізін жасыру мақсатында таныстары арқылы пара ретінде алынған ақша сомасын қолма-қол ақшаға айналдырып отырған.
«Осылайша, талап етілген пара сомасының едәуір бөлігін үшінші тұлғалар арқылы бірнеше рет алған Ж.Т. Мұқанов жазасыздығын сезініп, 1 млн теңге көлеміндегі қалған бөлігін жеке өзі алуға шешім қабылдады. 2020 жылғы 28 мамырда жедел іс-шаралар нәтижесінде облыстық көліктік бақылау инспекциясы автомобиль көлігіндегі бақылау бөлімінің бас маманы іс үстінде қолға түсті. 2020 жылдың сәуірінен мамырына дейінгі кезеңде ол жеке өзі, сондай-ақ үшінші тұлғалардың карточкалық шоттарына аудару арқылы шетелдік тасымалдаушыдан жалпы сомасы 1,5 млн теңге мөлшерінде пара алды», - деп мәлімдеді Баянғазин.
Сол жылдың 26 қарашасында Петропавл қалалық сотының үкімімен Мұқановқа мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, орташа қауіпсіз қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеумен 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сот үкімі биыл 20 қаңтарда заңды күшіне енді. Заңнамаға сәйкес, қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны және ведомстволық бақылаудың жоқтығы үшін СҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясы басшысының автомобиль көлігіндегі бақылау қызметіне жетекшілік ететін орынбасарын қатаң тәртіптік жауапкершілікке тарту ұсынылды.
Айта кету керек, қазір сотта кәсіпкерлік субъектісінен 500 мың теңге көлемінде пара алды деген күдікпен Мұқановтың тікелей басшысына да қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.