Алматы қаласы әкімінің айтуынша, «инвестор кетіп, ақша тоқтайды» деген ақпарат негізсіз
Бүгінде Алматыдағы метроның салынбай тұрған төрт станциясының екеуіне қажетті қаражат толықтай бөлінген. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Алматы әкімі Бақытжан Сағынтав мәлім етті.
Оның айтуынша, метро құрылысының тоқтауына, жұмысшылардың жалақысына қатысты әртүрлі баспасөз мәслхаттарында айтылып жүрген ақпарат жалған. Метро құрылысы толықтай бюджет есебінен салынып жатқандықтан, «инвестор кетіп, ақша тоқтайды» деген ақпарат негізсіз екен.
«Бюджетті нақтылау кезінде метро құрылысына бұрынғыдан да көбірек қаражат бөлінді. Метроның құрылысын жалғастыру үшін Үкімет келесі жылға 20 млрд теңге бөлуді қолдады. Сондықтан, жұмысты соңына жеткіземіз, алдымызда төрт станция қалды. Екі станцияның құрылысына қажетті қаражат толық бар. Сосын қалған екі станция мен соңғы аялдамалар, олар да болашақта салынады», - деді Алматы әкімі.
Бақытжан Сағынтаев метроға инвесторлар қаражат салып деген ақпаратты жоққа шығарды.
«Қайдағы инвестор? Метро толығымен бюджет қаражатынан салынып жатыр. Инвестор кетіп, қаражат тоқтайды дейді. Кім қайда кетеді? Маған сол инвесторды көрсетсін. Қаржыландыру тоқтамайды, жалақы болады», - деді ол.
Сағынтаевтың мәліметінше, метро құрылысына бөлінген биылғы қаражаттан әлі игерілмеген әлі 2,5 млрд теңге бар. Басшылық оны жыл соңына дейін игеруді жоспарлап отыр екен. Жұмысшылардың қазан айы үшін айлығы толықтай төленген, қараша айындағы жалақы желтоқсан айының 10-ына дейін төленуі керек.
«Егер метро басшылығы төлемесе, еңбек кодексіне сай жауап беруі керек. Есепшотында ақша бар, төлесін», - деді Сағынтаев.
Кенжекей Тоқтамұратқызы, Нұр-Сұлтан