Сағынтаев: Енді жедел жәрдем 11-13 минутта жетеді

Автор: Azattyq Rýhy

Жақында Алатау ауданында жаңа жедел жәрдем станциясы қосылған

Фото: informburo.kz

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қала әкімдігінің осы уақытқа дейін атқарған жұмысы мен алдағы даму бағыты жайында елордалық журналистердің сауалына жауап беріп, денсаулық сақтау саласының қазіргі жай-күйіне тоқталды. Қала басшысы ауруханалардағы 10 мыңнан аса құрал-жабдықтың тозығы жеткенін айтты.

«Медициналық қызметтің сапасын жақсарту үшін қаланың барлық медициналық мекемелеріне аудит жүргізілді. Сол аудит негізінде біздің медициналық ұйымдарда 30 мыңнан аса жабдық бар екені анықталды. Сол отыз мың жабдықтың он мыңнан астамы физикалық және моральдық тұрғыда тозған. Яғни, бүгінде оларды толығымен істен шығарып тастауға болады», - деді Бақытжан Сағынтаев баяндамасында.

Осы мәселені шешу үшін әкімдік қаладағы әрбір ауданда медициналық ұйымдарды жаңа құрал-жабдықтармен қамтудың үш жылдық жоспарын дайындаған.

«Жоспарға сәйкес, үш жылға 60 млрд теңге қаражат жұмсалу керек. Алғашқы 20 млрд теңгені келесі жылдың бюджетіне жоспарлап отырмыз», - деді ол.

Шаһар басшысы қалада жаңадан жедел жәрдем станциясын салып, жедел жәрдем көлігін шақыруға кететін уақытты барынша азайттық дейді.

«Қараша айында Алтатау ауданында жедел жәрдем станциясы іске қосылды. Жедел жәрдем көліктері қаланың орталығынан Алатау ауданына дейін бұрын 25 минутта жетсе, қазір  11-13 минутта жетеді», - дейді ол.

Кенжекей Тоқтамұратқызы, Нұр-Сұлтан