Қазақстанның 2 облысында коронавирустың өршуіне байланысты мектептер жабылды

Автор: Azattyq Rýhy

Ақмола облысында барлығы 49 мектеп, СҚО-да 5 мектеп карантинге жабылды

Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанның солтүстігінде балалар арасында коронавирус инфекциясының өршуі тіркелді. Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының мектептері вирусқа байланысты жаппай карантинге жабылуда. Оқушыларды қашықтан оқытуға ауыстырады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Ақмола облысындағы жағдай туралы өңірдің бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина айтып берді.

«Білім беру мекемелерінде коронавирус ауруы тіркелді. Сондықтан біз мектеп оқушылары, мұғалімдер, жалпы білім беретін мектептердің техникалық қызметкерлері арасында бір жағдайды тіркеу кезінде оларды екі аптаға қашықтықтан білім беруге ауыстырамыз деп шешім қабылдадық. Бұл ауру тізбегін бұзуға және оқушылар арасында жаппай аурудың алдын алуға көмектеседі», - деді Айнагүл Мусина.

Ақмола облысында барлығы 49 мектеп карантинге жабылды, оның 12-сі Көкшетауда. Әрбір оныншы науқас – мектеп оқушысы. Үшінші тоқсанның басынан бастап 300 оқушыдан коронавирус анықталды.  

СҚО-да да мектеп оқушылары арасында коронавирус індетінің көбеюі байқалады. Оқу жылының басынан бері мұнда 500 науқас оқушы анықталды, оның 40 пайызы үшінші тоқсанда ауырып қалған. Соңғы күндері бес мектеп қашықтан оқытуға көшті.