Қазақстанда қоғамдық орындарға QR-кодпен кіргізу пилотты жобасы басталды

Автор: Azattyq Rýhy

Кодты қызметі шектелген орындарға бару үшін көрсету қажет

Фото: 24.kz

Қызметі шектелген кинотетрлар, тағамдану орындары, SPA-жайларға кіруге арналған пилотты жоба қолға алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.

Енді осы орындарға бару үшін арнайы QR-кодты сканерлеп, кіреберісте көрсету қажет. Бағдарлама өз кезегінде қызыл, сары, көк және жасыл түсін көрсетеді. Қызылы қозғалысты шектеуді, амбулаториялық бақылаудағы адамдар үшін үйде оқшаулаудың қатаң режимін сақтауды білдіреді. Сары – қозғалысты ішінара шектеу, яғни үйінен 500 метрден аспайтын азық-түлік және шаруашылық дүкендерге, дәріханаларға баруға рұқсат етіледі. Көк – ПТР-тест сұралмайтын жерлерге шектеу жоқ деген белгі. Жасыл – қозғалыста ешқандай шектеулер жоқ екенін ұқтырады.

ПТР-тест тапсырған болсаңыз, арнайы базада мәліметіңіз тұрады. Сол жерде тест нәтижесі түстің бірін көрсетеді. «Ашық» қосымшасын телефонға жүктеп алуға болады. Дегенмен, қазір бағдарлама жұмыс істеп тұрған жоқ.

«Қазір бұл ерікті жоба. Қалаған адам тест нәтижесін көрсетеді, бағдарламаны жүктейді. Адамдарға ешкім міндеттей алмайды. Әзірге пилотты жоба ретінде қолға алдық. Кейін нәтижесіне қарай шешім қабылданады», - деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов.