Облыста 950 мың адамға вакцина салынбақ
Түркістан облысына бірінші кезекте COVID-19 инфекциясына қарсы «Спутник V» вакцинасының 1300 дозасы жеткізілетін болады. Вакцинаның сапасын қамтамасыз ету үшін 600 литрлік екі мұздатқыш камералары бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі облыстық қоғамдық денсаулық басқармасына сілтеме жасап.
Денсаулық басқармасының мәліметінше, бұдан бөлек ақпан айында көлемі 140 л болатын 20 мұздатқыш пен көлемі 600 л болатын тағы екі мұздатқыштар жеткізіледі. Жалпы облыста аталмыш камералардың жетіспеушілігі байқалмайды.
«Жалпы 950 мың адамға вакцина егілетін болады. Ең бірінші болып инфекциялық ауруханада жұмыс істейтін медицина қызметкерлеріне. Мұнан соң жедел жәрдем, емханада қызмет ететін мамандарға. Түркістан облысына ақпан айының соңына дейін тағы 180 мың вакцина дозасы жеткізілмек», - дейді қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов.
Өңірде жыл басынан бері COVID-19 инфекциясының 361 жағдайы анықталған, 100 мың халыққа шаққандағы көрсеткіш 17,8 құрайды. Оның ішінде симптомдармен – 62 жағдай, симптомдарсыз 299 жағдай тіркелген.