Она қазір құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр
Mash Telegram-каналының журналистері Геленджиктегі «Путиннің сарайы» атанып кеткен зәулім ғимаратқа экскурсия жасады. Мұндай атауды нысанға оппозиционер Алексей Навальный берген болатын. Оның «Дворец для Путина. История самой большой взятки» деп аталатын видеоролигін YouTube видеопорталында 1 аптаның ішінде 100 миллионнан астам адам көріп үлгерді.
Журналистер әзірлеген екінші видеороликте сарайға күрделі жөндеу және құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқаны көрсетілген. Видео авторының айтуынша, ерекше қорғаудағы нысанды аралауға «техникалық бақылау қызметінің» өкілі көмектескен. Ол аталған ғимаратта 6 жылдан бері жұмыс істеп келеді екен. Нысанды видеоға түсіруге тек 1 сағат уақыт берілген.
Құрылысшылардың болжауынша, құырылыс жұмыстары мұнда әлі 5-6 жыл жүреді. Ал, нысанның иесі шынында кім екені және бұл сарайды не мақсатта салып жатқаны туралы құрылысшылар тіс жармаған.
Ал, Навальный түсірген видеороликте зәулім сарай Ресей президенті Владимир Путинге арнап салынғаны, оған 100 млрд рубль жұмсалғаны айтылады. Путиннің өзі болса бұл ақпаратты ресми жоққа шығарды.