Қазақстанда жемқорлықпен үш ұйым бірігіп күреспек

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақстанда көлеңкелі экономикаға қарсы күресу үшін тағы бір агенттік құрылды

Azattyq Rýhy / Батыржан Беспаев

Көлеңкелі схемаларға қарсы пәрменді шара қолданбай, жемқорлыққа қарсы тұру мүмкін емес. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев мәлімдеді.

«Сыбайлас жемқорлықтың негізгі драйверлерінің бірі – көлеңкелі экономика. Осы бағытта мемлекет жүзеге асырып жатқан шаралар қазірдің өзінде жақсы нәтиже беруде. Мысалы, ақша қаражатын шешуге шектеу енгізу, сондай-ақ цифрлық төлемдерді ауқымды ілгерілету қолма-қол ақшаны екі есе – 2,7 трлн теңгеден 1,3 трлн теңгеге дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Біз стратегиялық серіктестеріміз – Қаржылық мониторинг агенттігімен және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, көлеңкелі айналымның ең көп үлесі – ауыл шаруашылығы, сауда, құрылыс, көлік сияқты экономика салалары бойынша мақсатты жұмысты бастауға ниеттіміз», - деді Алик Шпекбаев.

Агенттік төрағасының айтуынша, цифрлық теңге қолма-қол ақша схемалары мен жалған кәсіпорындардың жұмысын тоқтатады.

«Тәжірибе көрсеткендей, сатып алу саласы – көлеңкелі экономиканы жандандыратын және жемқорлық тудыратын салалардың бірі. Сондықтан Ұлттық палатамен бірлескен жұмыстың тағы бір бағыты – бюджетті қалыптастыру кезінде де, оны игеру кезінде де баға комплаенсін енгізу», - деді ол.

Еске салайық, Қазақстанда көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру мақсатында Қаржылық мониторинг агенттігі құрылды.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан