Сондай-ақ инклюзивті қолдау кабинетін аралады
Нұрсұлтан Назарбаев қорының директоры, Мәжілісінің депутаты Дариға Назарбаева елордадағы №1 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының жанындағы «Қамқорлық» қалалық оңалту орталығында және №89 мектеп-лицейі қасындағы «Қамқорлық» инклюзивті қолдау кабинетінде болды.
Елбасының «Қамқорлық» бастамасын іске асыру аясында жуырда №1 қалалық балалар ауруханасында «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылған. Орталық отандық және шетелдік ең озық заманауи құрылғылармен жабдықталған. Мұнда емдік дене шынықтыру залы, бальнеологиялық, сенсорлық, интерактивті, шунгитті және тұзды бөлмелер, сондай-ақ механотерапия, логопед, психолог және басқа да кабинеттер бар.
Оңалту орталығында емдік дене шынықтыру (кинезотерапия), логопед, дефектолог, психолог, эрготерапевт жаттығуы мен физиологиялық емдеу сынды 30-дан астам қызмет түрін біріктірген кешенді оңалту тегін көрсетіледі. Бұл мақсатта Нұрсұлтан Назарбаев қоры оңалту орталығының 29 маманын қайта даярлап, біліктілігін арттырды. Қызметкерлердің шетелдік тәлімгерлерден оңалту саласындағы өзекті мәселелер бойынша одан әрі дәріс алуын жалғастыру жоспарлануда. Орталық жыл сайын нейро-ортопедиялық аурулармен қатар, церебралды параличпен ауыратын 600 баланы қабылдамақ.
Орталықты аралау кезінде Дариға Назарбаева ата-аналармен және балалармен, сонымен бірге, медициналық қызметкерлермен де әңгімелесті.
«Жаңадан ашылған орталықтың маңызы зор. Мұнда балаларға дәл қазіргі кезде қажет жан-жақты кешенді көмек көрсетіледі. Бас қаладағы сияқты мұндай оңалту орталықтары қазір еліміздің жеті өңірінде жұмыс істеп тұр. Біз «Қамқорлық» бастамасын одан әрі қолдаймыз, өзге де аймақтарда заманауи оңалту орталықтары ашылады», - деді қор директоры.
Айта кетейік, мұндай орталықтар еліміздің тағы жеті өңірінде, атап айтқанда Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл, Қостанай облыстарында ашылған болатын.
Жалпы, бұл бастама жылына 5000 баланың оңалуына мүмкіндік береді. 8 орталық ашу нәтижесінде церебралды сал ауруымен ауыратын балаларды оңалту ауқымы 20%-ға артады.
Сонымен қатар, Дариға Назарбаева №89 мектеп-лицейі жанындағы «Қамқорлық» инклюзивті қолдау кабинетімен де танысты.
Елбасының «Қамқорлық» бастамасын іске асыру аясында мектептегі инклюзивті қолдау кабинеті 8 аймақта ашылды.
Инклюзивті қолдау кабинеті ерекше білім беруді қажет ететін балалардың жалпы білім беру үдерісіне қатысуға, құрдастарынан қалмай бірге оқуына мүмкіндік береді.
Инклюзивті қолдау кабинеті ашылған мектептердегі 336 педагог Нұрсұлтан Назарбаев қоры есебінен дәріс алды. Әрі балаларға сапалы қызмет көрсету мен мұғалімдерге кеңес беру үшін барлық 16 мектепте жағдай жасалған. Барлық бөлме мамандандырылған жиһазбен жабдықталған, жеке және топтық сабақтар мен мұғалімдер үшін ыңғайлы жұмыс орны бар арнайы төрт зона әзірленген. Жылына ерекше білім беруге қажеттілігі бар 600 балаға көмек көрсетіледі.