Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған қызылордалықтың бас бостандығы 6 айға шектелді

Автор: Azattyq Rýhy

Сондай-ақ 100 сағатқа мәжбүрлі еңбекке тартылатын болды

Қаржы мониторингі комитеті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қызылордада 29 жастағы тұрғын қала орталығындағы үйдің бірінші қабатынан орын жалдап, 13 компьютерді интернетке қосып, бәс тігу және ұтыс ойнауға арналған бағдарламалар жүктеген.

Ол заңсыз ұйымдастырылған онлайн-казино кеңсесінде екі кассир мен күзетші жалдап, оларға күніне 5000 теңгеден төлеген. Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған тұрғынның кінәсі толығымен дәлелденген.

Қызылорда қалалық соты айыпталушыға қатысты Қылмыстық кодекстің 307-бабы 1-бөлігі бойынша 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 44-бабы 1-бөлігі бойынша пробациялық бақылауды белгілей отырып, 100 сағатқа мәжбүрлі еңбекке тартылады.