Ақтауда үшем дүниеге келді

Автор: Azattyq Rýhy

Олар жыл басынан бері өңірде туған үшінші үшем

Фото: ашық дереккөзден

Ақтауда тағы да үшем дүниеге келді. Сәбидің екеуі қыз, біреуі ұл бала, деп хабарлайды  Azattyq Rýhy тілшісі Ktk.kz-ке сілтеме жасап.

Нәрестелердің әрқайсысының салмағы 2 келіден асады. Олар жыл басынан бері өңірде туған үшінші үшем.

Дәрігерлердің айтуынша, сәбилердің денсаулығы жақсы. Алина, Зарина, Әлихан. Отбасын шаттыққа бөлеп, дүниеге келген үшемге ата-анасы осы есімдерді таңдаған. Сайын Шапағатов ауылының тұрғыны Меңліхан Саитғалиева сүйінші жаңалықты жүктіліктің 1 жарым айында естіген. Ултра дыбыстық тексеруден кейін қуанышында шек болмаған. Ол жүктіліктің 34-аптасында сәбилерін дүниеге әкелген. Бұған дейін 3 перзент тәрбиелеп отырған 38 жастағы Меңліхан көпбалалы ана атанды.

«Бір Алланың көмегімен үшем дүниеге келді. Үйде екі ұлым, бір қызым бар. Мен өте бақытты анамын деп есептеймін. Мұндай үшемдер екінің бірінде бола бермейтін дүние ғой», - дейді Меңліхан Саитғалиева.

Сәбилер мен жас босанған ана екі жұма дәрігерлердің бақылауында болып, үйлеріне жіберілді. Мамандар мерзімінен ерте босанған ана мен балалардың өміріне еш қауіп жоқ екенін айтады.

Айта кетейік, «Ана мен бала» орталығында 2018 жылы 1 үшем мен 146 егіз туған. Ал, жыл басынан бері 3 үшем мен 116 егіз дүниеге келген.