Ол сол көзінің ағып кеткеніне дәрігерлерді кінәлайды
Тараз тұрғыны емделемін деп көзінен айырылды. Патма Мақсұтова сол көзінің ағып кеткеніне ақ халаттыларды кінәлайды. Ал, көз емдеу орталығындағылар оның жарының соққысынан соқыр болып қалғанын айтып ақталып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Патма Мақсұтова көру қабілеті нашарлап кеткеннен кейін көз емдейтін жеке клиникаға барыпты. Ондағылар тексеріп, құны 115 мың теңге болатын дәріні салуды ұсынған. Дәрігерлер екпе салып, 10 күннен соң келесің деп үйіне жіберген. Алайда, келесі күні таңертең жанарында қара дақ пайда болып, көзінен қоймалжың сұйықтық аға бастаған. Сосын бірден дәрігерлерге хабарласыпты.
«Көзімді көргенде дәрігерлер қатты қорқып кетті. Сосын жалғыз өзімді жеке палатаға жатқызып қойды. Мен олардың өз араларында инфекция деп жатқанын анық естідім. Мейірбикелер палатаны жиі тазалап отырды, ешкімді кіргізген жоқ. 28 күн ішінде көзіме 150-ге жуық дәрі салды», - дейді Патма Мақсұтова.
Ол ауруханадан шыққан соң арада апта өтпей сол көзінің мүлде көрмей ағып кеткенін айтты. Ал, ақ халаттылар болса мұнымен келіспейді. Олар науқасты жары соққыға жыққан деп отыр.