Арнайы жасақ (СОБР) қызметкерлері көбіне әйел азаматтарды тоқтатқан
Бүгін Үкімет үйіне қарай бет алған журналистерді арнайы жасақ қызметкерлері тоқтатып, қызметтік куәліктерін талап етті. Министрлер кабинетінің отырысынан кейін журналистер Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтан мәселені анықтауға тырысты.
Бір айта кетерлігі, арнайы жасақ (СОБР) қызметкерлері көбіне әйел азаматтарды тоқтатқан. Бұған қатысты министр «Қазақстанда жынысына қарамай, заң бұзған азаматтар бірдей тексеріледі» деген жауабын айтты.
«Кім тәртіп бұзса, әкімшілік жазаға тартылады. Егер азамат тәртіп бұзбаған болса, оны ешкім де тоқтатып, тексермейді», - дейді Ерлан Тұрғымбаев.
Министр сондай-ақ, журналистердің ауызша арыз-шағымына сүйеніп, қандай да бір шара қолдана алмайтынын айтты. Тек жазбаша арыз керек.
«Егер «заңсыз тексерді, заңсыз ұстап әкетті деген» азаматтардан нақты шағым болса, жазба арыз бойынша тексеруге дайынмын. Ал, ауызша «әйелдерді ғана тоқтатты, ерлерге тиіспеді» деген жарамайды. Тағы да ресми түрде мәлім етемін: заңсыз тексеру мен заңсыз ұстап әкетуге қатысты азаматтардың арыз-шағымын күн демей, түн демей қабылдауға дайынмын. Менің азаматтарды жеке қабылдау күнім бар. Бізде кез келген полиция қызметкері құжат тексеруге құқылы», - деп нақтылады ол.
Ішкі істер министрінің айтуынша, Қазақстан бойынша бір тәулікте 700-ден астам қылмыс жасалады, оның төрт жүзі ашылады. «Мен зардап шеккендер мен күдіктілердің барлығын аты-жөнімен есте сақтай алмаймын. Ресми хат жазыңыздар, жауап беруге уәде етемін», - деді ол журналистерден бой тасалап бара жатып.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан