80 жұмысшы еңбекақысын ала алмай жүр
Атырауда бес әскери бөлімге қызмет көрсететін мердігер мекеменің 80 жұмысшысы еңбекақысын ала алмай жүр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
«Әскери құрылыс Астана» серіктестігінің мұндай жағдайға тап болатынын ешкім күтпеген. Бір ғана Атырауда 5 әскери бөлімге қызмет көрсетіп отырған мердігер 80 жұмысшыға қарыз болып қалды. Жұмысшылардың сондағы жалақысы 50 мың теңгенің төңірегінде көрінеді. Еңбекақы ғана емес зейнетақы мен медициналық сақтандыру жарнасы да аударылмаған.
Мердігер Атырауда ғана емес бірнеше қалада қызмет көрсетеді. Кәсіпорынның батыс филиалы Ақтауда орналасқан. «Әскери құрылыс Астана» серіктестігі басшылығы болса, батыс аймақтарға 30 миллион теңге қарыз болып қалғанын мойындап отыр. Сөздеріне сенсек, серіктестіктің есеп шоты бұғатталып қалған көрінеді. Қарыз төленеді, дейді компания басшылығы.
«Прокуратура, еңбек инспекциясы және әділет министрлігінің араласуымен бұл мәселе шешіліп жатыр. Тапсырыс беруші қаржыны аударды. Бірақ, жеке сот орындаушылардың тиымынан кейін есеп шот бұғатталып төлей алмай қалдық. Дәл қазір уәде бере алмаймын. Апта соңына дейін немесе келесі жұмада төленеді деп олаймын», - деді аталған ЖШС қаржы директоры.