Қазақстанда банк пен ломбардтардың жұмыс режимі өзгерді

Автор: Azattyq Rýhy

Сонымен қатар басқа да қаржы ұйымдарының кестесі өзгерді

Фото: ашық дереккөзден

Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бүгін қаржы нарығы субъектілерінің жұмыс режимін өзгерту туралы бірлескен бұйрық шығарды. Осылайша «қызыл», «сары» және «жасыл» аймақтарда қаржы ұйымдарына келетін адам санына шектеу қойылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Бұл екінші деңгейлі банктерге, резидент емес банктердің филиалдарына, айырбастау пункттеріне, ипотекалық ұйымдарға, сақтандыру ұйымдарына, сақтандыру брокерлеріне, несиелік серіктестіктер мен ломбардтарға, төлем ұйымдары мен коллекторлық агенттіктерге қатысты.

Бұйрыққа сәйкес, қызметтер барынша онлайн режимде көрсетілуі керек. «Қызыл» аймаққа жататын өңірлерде күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режим шаралары қатаң сақталуы тиіс. Сондай-ақ қызметкердердің 60% қашықтан жұмыс істеуге ауысады. «Сары» және «жасыл» аймақтарда – халыққа қызмет көрсеткен кезде күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режим шараларын қатаң сақтаған жағдайда, өндірістік қажеттілік кезінде қашықтан жұмыс істеу нысанына филиалдың штат санының кемінде 30% ауысады.