«Аудан әкімдерін сайлауға көшуге болады»: Тоқаев саяси жаңғыру туралы

Автор: Azattyq Rýhy

Биыл Қазақстанда алғаш рет ауыл әкімдерін сайлау өтеді

көрнекі фото

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуына қатысты.

Президент аумақ пен кеңістік тұрғысынан еліміздің теңгерімді дамуы басты басымдықтың бірі екенін айтып, бұл ретте барлық өңірлерді біртұтас экономикалық кеңістік арқылы байланыстыратын аса маңызды салаларды дамытуға баса назар аударылатынын жеткізді.

«Өңірлерді, қалаларды, аудандар мен ауылдарды өзара байланыстыратын инфрақұрылымды жақсартуға басымдық беріледі. Жаңа стандарттарға сәйкес 3500-ден астам ауылды жаңғыртамыз. Айналасындағы елді-мекендердің тірегі саналатын әрбір ауылға баратын жолдар мен республикалық маңызы бар күре жолдар 100 пайыз жөнделеді», – деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда жергілікті өзін-өзі басқаруды әрі қарай жетілдіру үшін бюджеттік рәсімдерді жеңілдетіп, өкілді және атқарушы органдардың дербестігін арттыру маңызды екені де айтылды.

Қазақстандағы реформалардың басты бағытының бірі – саяси жаңғыру. Президент биыл жекелеген ауылдық округтерде сайлау өтетінін мәлімдеді.

«Біз жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін ең төменнен бастап нығайтуды көздеп отырмыз. Бұл – өте маңызды мәселе. Сондықтан алдағы уақытта ауыл әкімдерін сайлағаннан кейін аудан әкімдерін сайлауға көшуге болады. Алайда, мұнымен де шектеліп қалмауымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.